ТАРИХ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ АРХЕОЛОГТАРЫ КЕМБРИДЖДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯДА — ҚазҰУ

ТАРИХ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ АРХЕОЛОГТАРЫ КЕМБРИДЖДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯДА

2 қазан 2026
ТАРИХ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ  АРХЕОЛОГТАРЫ КЕМБРИДЖДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯДА

2026 жылғы 30 қыркүйек – 2 қазан аралығында Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің McDonald археологиялық зерттеулер институтында «Еуразиядағы ежелгі өзара байланыстарды зерттеудің жаңа бағыттары: көшпелі және отырықшы әлемдер» (New Directions in Understanding Ancient Interactions across Eurasia: Nomadic and Sedentary Worlds) атты халықаралық ғылыми конференция өтуде. Ресми бағдарламада конференция қола дәуірі, ерте темір дәуірі, орта ғасырлар және көшпелілер әлемына арналған төрт негізгі ғылыми сессияны қамтиды. 

Конференцияның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі – Әлібек Әсетұлы Бақаев, Кембридж қаласының мэрі Мария Клеминсон, сондай-ақ Кембридж университеті McDonald археологиялық зерттеулер институтының директоры, профессор Сиприан Брудбэнк қатысып, құттықтау сөз сөйледі. 

Конференцияға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультетінің деканы Досбол Байгунаков бастаған ғалымдар мен жас зерттеушілерден құралған ғылыми делегация қатысуда. Университет зерттеушілері қола дәуірінен бастап ерте темір дәуірі мен орта ғасырларға дейінгі Қазақстан мен Еуразия тарихы мен археологиясына қатысты жаңа зерттеу нәтижелерін халықаралық ғылыми қауымдастық назарына ұсынуда.

Конференцияның маңызды ерекшеліктерінің бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оны ұйымдастыруға тікелей қатысуы. Халықаралық ғылыми жиынды ұйымдастырушылардың бірі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі Ринат Жуматаев. Бұл бастама Кембридж университетіндегі әріптестермен қалыптасқан ғылыми байланыстың және екі университет арасындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижелерінің бірі.

Конференция – Қазақстан археологиясының жаңа нәтижелерін әлемдік академиялық ортаға таныстыруға, халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтуге және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Кембридж университеті арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды ғылыми алаң.

Қазақстандық археологияның Кембридж төрінде кеңінен таныстырылуы – отандық ғылымның халықаралық ғылыми кеңістікке жүйелі түрде кірігуінің маңызды қадамдарының бірі.

Ерекше атап өтетін тағы бір маңызды жаңалық – конференцияда алғаш рет қазақ тілінде ғылыми баяндамалар жасалып, олар ағылшын тіліне аударылып, халықаралық аудиторияға ұсынылады. Бұл – қазақ тілінің халықаралық академиялық кеңістіктегі қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған маңызды қадам.

 

Қазіргі күннің өзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың археология бағыты бойынша 6 докторантының шетелдік ғылыми кеңесшілері Кембридж университетінен.