«Шығыс әлемі» студенттік ғылыми-танымдық клубының ұйымдастыруымен Халықаралық қатынастар факультетінде Қазақстан Республикасы халықтарының Тілдер мерекесіне арналған «Үш тұғырлы тіл – заман талабы» атты дөңгелек үстел өтті.
ҚР халықтарының Тілдер мерекесіне арналған дөңгелек үстелді «Шығыс әлемі» студенттік ғылыми-танымдық клубының жетекшісі, доцент С.Б.Бөрібаева алғы сөзбен ашып, жастарды іс-шараның салтанатты ашылуымен құттықтап, осы мерекенің тек біздің елімізде ресми түрде атап өтілетініне тоқталды. Сондай-ақ студенттерге ғылым жолында шығармашылық табыстар тіледі. Дипломатиялық аударма кафедрасының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары А.Ш Сүлеймен «Үш тұғырлы тіл – заман талабы» тақырыбының қазіргі уақытта өте өзекті орын алатынын айта кетіп, жастарды жан-жақты, жасампаз болуға шақырды.
Факультеттің студенттік деканы, магистрант Нұрсұлтан Беккайыров және факультеттің биылғы түлегі Саниям Абдумасарова 1-курс студенттеріне біздің факультетте көптеген клубтар мен студенттік ұйымдардың қызмет ететінін, соның ішінде «Шығыс әлемі» студенттік ғылыми-танымдық клубының ерекше орын алатынын, осы клуб аясында Тіл тақырыбына байланысты өткізілген кештер мен конференциялардың жағымды әсер қалдырғандығына тоқталды.
Халықаралық қатынастар факультетінің «Халықаралық құқық» бөлімінің 3-курс студенттері Слета Виктория – «Қазақ тілінің мәртебесі», Айзада Койчубекова– «Статус русского языка», Элина Карапетян – «От идеи «Триединства языков» до полиязычного образования в Республике Казахстан», өз баяндамаларында тілге байланысты шыққан мемлекеттік құжаттармен таныстырып, сондай-ақ мемлекеттік тілдің, ресми тіл – орыс тілінінің, халықаралық тіл –ағылшын тілінің мәртебесі жөнінде де баяндады. «Халықаралық құқық» бөлімінің студентері Мадия Тлеулина «22 сентября – День языков народов Казахстана», Диана Семыкина «Халықаралық құқық» бөлімі – «Глава государства о языке», Надиранури Ахмедиева «Афоризмы и цитаты о языке» атты баяндамалар оқып, презентациялар көрсетті. Дипломатиялық аударма кафедрасының оқытушылары ағылшын, француз тілдерінің мамандары ретінде М.К. Макишева, Г.А. Карипбаева, Г.О. Мұхаметкалиева өз ойларымен бөлісіп, жастарды ешқашан ана тілдерін ұмытпай, қастерлеп, қадірлеуге шақырды және әр тілдің өзіндік ерекшелігі мен қасиеттері бар екенін атап өтті. Дөңгелек үстел тақырыбының пікірсайысына «Халықаралық құқық» бөлімінің 3-курс студенті Данил Гаврин белсенді қатысып, сауалдарын тек қазақ тілінде қойып отырды. Түркменстаннан келген студенттер Мекан Тайлыев, Өзбекстаннан келген Азизбек Насруллаев та тіл туралы өз ойларын білдірді.
Іс-шараны халықаралық құқық кафедрасының оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, з.ғ.к., доцент Тусупова А.Ж. қорытындылап, дөңгелек үстелге қатысқан барлық оқытушылар мен студенттерге алғыс білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі.
Халықаралық қатынастар факультетінің «Шығыс әлемі» студенттік ғылыми-танымдық клубының жетекшісі, ф.ғ.к., доцент С.Б.Бөрібаева