Жаңа оқу жылы – жаңа мүмкіндіктер: Farabi University ректоры «Алтын белгі» иегерлерімен кездесті — ҚазҰУ

Жаңа оқу жылы – жаңа мүмкіндіктер: Farabi University ректоры «Алтын белгі» иегерлерімен кездесті

13 қыркүйек 2026
Жаңа оқу жылы – жаңа мүмкіндіктер: Farabi University ректоры «Алтын белгі» иегерлерімен кездесті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2026–2027 оқу жылының басталуына орай Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың студенттермен кездесуі өтті. Жүздесуге бірінші курс студенттері, «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары, сондай-ақ университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысып жүрген жастар қатысты.

Кездесу университет дамуының басым бағыттарын, жоғары білім беруді цифрлық трансформациялау перспективаларын және Қазақстанның болашағын қалыптастырудағы жас ұрпақтың рөлін талқылауға мүмкіндік берді.

Жүздесу барысында ректор Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және заманауи цифрлық мемлекет қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары аясында ҚазҰУ-да атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар қол жеткізілген нәтижелерге, университеттің алдағы жоспарларына және жастарды қолдауға бағытталған бастамалардың жүзеге асырылуына тоқталды.

Кездесудің маңызды тақырыптарының бірі білімді әрі интеллектуалдық тұрғыдан дамыған тұлғаны қалыптастырудағы кітап оқудың рөлі болды. Ректор студенттердің әдебиетке деген қызығушылығын арттыру және Мемлекет басшысы ұсынған ұлттық әдебиеттің үздік шығармаларын кеңінен насихаттау қажеттігін атап өтті.

Кездесу соңында Жансейіт Түймебаев студенттердің тың идеялары, бастамалары мен белсенді азаматтық ұстанымы университеттің одан әрі дамуы үшін маңызды екенін жеткізді. Ол жастарды ғылымда жетістіктерге жетуге, инновациялық технологияларды меңгеруге, қоғамдық жобаларға қатысуға және Қазақстанның цифрлық әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға шақырды.

Бұл кездесу университеттік кезеңнің кәсіби білім алумен ғана шектелмейтінін, сонымен қатар тұлғалық қалыптасу, қабілеттерді дамыту және болашақ өмір жолын саналы түрде таңдау кезеңі екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі Farabi University симфониялық ансамблінің алғашқы өнер көрсетуі болды. Жаңа музыкалық ұжымның дебюті университеттің мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, студенттердің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға кең мүмкіндіктер ашуға деген ұмтылысын көрсетті.

Ансамбльдің өнер көрсетуі кездесуге ерекше салтанат дарытып, заманауи университеттің тек білім мен ғылым орталығы ғана емес, сонымен қатар өнер, музыкалық дәстүрлер мен жастар шығармашылығы дамитын кеңістік екенін айқындады. Жаңа ұжымның құрылуы мен көпшілікке таныстырылуы талантты студенттерге орындаушылық шеберлігін шыңдауға, сахналық тәжірибе жинақтауға және университеттің мәдени бастамаларына белсенді қатысуға жол ашады.

Симфониялық ансамбльдің алғашқы өнер көрсетуі Farabi University студенттік өмірінің сан қырлылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұнда академиялық жетістіктер шығармашылықпен және жаңа белестерге ұмтылыспен үйлесім табады.

Farabi University жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасауды, академиялық жетістіктер мен студенттік бастамаларды қолдауды жалғастырып келеді. Университеттің басты мақсаты – кәсіби білікті мамандарды, жауапты азаматтарды және елдің болашақ көшбасшыларын қалыптастыру.