Ректор Татарстан Ғылым академиясының 35 жылдық мерейтойына қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Татарстан Республикасы Ғылым академиясының құрылғанына 35 жыл толуына арналған салтанатты жиынға қатысты.
Іс-шараға Татарстан Республикасының премьер-министрі Алексей Песошин, Ресей Ғылым академиясының вице-президенті Владислав Панченко, Татарстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Рифкат Минниханов, өзге де мемлекеттердегі Ғылым академияларының басшылары, белгілі ғалымдар мен ЖОО ректорлары жиналды.
Татарстан Райсы Рустам Минниханов бейнеқұттықтауында академияның тарихи-мәдени мұраны сақтауға, ғылыми әлеуетті дамытуға және нығайтуға қосқан үлесіне тоқталды.
Өз кезегінде Татарстан Республикасының премьер-министрі Алексей Песошин: «Академия осы жылдар ішінде өзінің өміршеңдігін және қоғам үшін маңызын дәлелдеді. Мұнда математика, физика, химия, биология, медицина, гуманитарлық және қоғамдық ғылымдар салаларында іргелі зерттеулер жүргізіледі. Әсіресе татар тілі мен әдебиеті, тарихы мен археологиясы бағытындағы ғылыми еңбектердің орны ерекше», – деді.
Салтанатты құттықтаулардан кейін Татарстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Рифкат Минниханов академия қызметінің негізгі көрсеткіштерін таныстырды. Қазіргі уақытта академия құрамында 7 институт, 5 орталық, 7 бөлімше, 58 академик, 61 корреспондент-мүше және 25 профессор бар.
Шарада ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Татарстан Республикасы Ғылым академиясының басшылығы мен ғылыми қауымдастығын айтулы мерейтоймен құттықтады. Ректор ғылым мен білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың, ғалымдар арасындағы тәжірибе алмасуды кеңейтудің және бірлескен ғылыми жобаларды дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Салтанатты жиын тақырыптық секциялар жұмысына ұласып, мерекелік концертпен аяқталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар