ҚазҰУ-ДА АРАБ ТІЛІН МЕҢГЕРУГЕ АРНАЛҒАН ИНТЕРАКТИВТІ ТУРНИР ӨТТІ — ҚазҰУ

ҚазҰУ-ДА АРАБ ТІЛІН МЕҢГЕРУГЕ АРНАЛҒАН ИНТЕРАКТИВТІ ТУРНИР ӨТТІ

16 қазан 2026
ҚазҰУ-ДА АРАБ ТІЛІН МЕҢГЕРУГЕ АРНАЛҒАН ИНТЕРАКТИВТІ ТУРНИР ӨТТІ

2026 жылғы 13 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде араб тілінен командалық лингвистикалық турнир өтті. Іс-шара «Қазақстандағы араб тілі айы» халықаралық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар – Король Салман атындағы Араб тілі дүниежүзілік академиясы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

Турнирге «Шығыстану» және «Аударма ісі» білім беру бағдарламаларының 2–4 курсында оқитын 16 студент қатысты. Олар екі адамнан сегіз команда құрып, танымдық лингвистикалық тапсырмаларды орындау бойынша өзара сайысқа түсті.

Турнирдің басты ерекшелігі – интерактивті формат. Командалар тапсырмаларды сенсорлық экрандарда орындап, дұрыс жауапты таңдап, оны мүмкіндігінше жылдам әрі дәл беруге тырысты. Жарыста араб тілін білу ғана емес, зейін, жылдам әрекет ету, шешім қабылдау және бірлесе жұмыс істеу қабілеті де маңызды болды.

Мұндай формат студенттердің тілдік білімін жаңаша сынауға мүмкіндік берді. Күнделікті оқу тапсырмалары қызықты жарысқа айналып, қатысушылардан алған білімдерін сол сәтте қолдануды талап етті. Интерактивті формат сайысқа серпін беріп, қатысушылармен қатар көрермендердің де қызығушылығын арттырды.

Турнир заманауи технологиялар мен ойын элементтерін араб тілін дәстүрлі оқыту әдістерімен тиімді ұштастыруға болатынын көрсетті. Студенттер өз білімдерін аудиториядан тыс жағдайда сынап, командалық жұмыс тәжірибесін жинақтап, араб тілін практикада қолдануға мүмкіндік алды.

Командалық лингвистикалық турнир «Қазақстандағы араб тілі айының» жарқын іс-шараларының біріне айналды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері 2026 жылғы 15 қазанда бағдарламаның ресми ашылу салтанатында жарияланады. Салтанатты жиында жарыс қорытындысы шығарылып, үздік командалар марапатталады.

Жиекбаева А., Мамедова Ф.