Қоғамдағы түсіністік – тұрақтылық кепілі — ҚазҰУ

Қоғамдағы түсіністік – тұрақтылық кепілі

13 қазан 2026
Қоғамдағы түсіністік – тұрақтылық кепілі

Жаңа ғасырдағы толерант­ты­лық – бұл адамзат қоғамындағы қозғаушы күш, қоғамдағы үйлесімді қарым-қатынас шарты. Ынтымақтастық пен төзімділік адамзаттың дамуын­да өте маңызды. Қазіргі әлемде азаматтарды толерант­тылық­қа тәрбиелеу қоғамдық білім беру саясатының басты мақсатта­ры­ның біріне айналды.

Жалпы, толеранттылық өркениетті қоғамға тән құбылыс. Мұндай қа­­сиет тұтас ұлттың басына бір күн­де орнай салмайтыны белгілі. Бұл – халықтың сана-сезімі, дәстүрі, рухани байлығының кемелденгенінің айқын көрінісі. Осы тұрғыдан алып қарасақ, елдегі қоғамдық қарым-қатынастардың белгілі бір дәрежеге көтерілгенін байқаймыз. Елімізде ұлтаралық татулықтың салтанат құруы –  қоғамның көпжылғы еңбегінің жемісі. Біле білсек, толеранттылық – үлкен құндылық. 

Қазіргі кезде әлемнің бірнеше елінен келетін шетелдік студенттер үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті сапалы, жоғары деңгейлі білім алудың танымал орталығына айналуда. Университет оқытушыларының алдында студенттер арасында өзара сыйластық, достық, басқа мәдениетке төзімділік сияқты қасиеттерді қалыптастыру міндеті тұрады. 

Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайын­дығы кафедрасында Оңтүстік Ко­рея, Қытай, Жапония, Түркия, Ка­на­да, АҚШ және т.б. елдерден кел­ген шетелдік студенттер бар. Олардың жаңа әлеуметтік-мәдени ортаға бейімделу барысында түрлі психологиялық қиындықтарға тап болатыны сөзсіз. Бұл қиындықтар тек оқу процесімен ғана емес, сонымен қатар олардың тұлғалық дамуы, эмоциялық тұрақтылығы және әлеуметтік байланыс орнату қабілетімен тікелей байланысты. Шетелдік студенттердің жаңа оқу ортасына бейімделу процесі – күрделі әрі көпқырлы процесс. Бұл тек жаңа академиялық пәндерді меңгерумен шектелмейді, сондай-ақ мәдени, әлеуметтік және психологиялық кедергілерді жеңуді де қамтиды. Студенттердің жаңа ортаға сәтті бейімделуі олардың оқу үлгеріміне, стрестік деңгейіне, тұлғалық дамуына және оқу процесінен алған қанағаттануына тікелей ықпал етеді. Осы бейімделудің психологиялық ерекшеліктерін түсіну маңызды, себебі білім беру процесінде қолдау көрсету студенттердің оқу ортасымен өзара әрекеттесуін жақсартып, түрлі стрестік факторлар мен мәдени шоктың теріс әсерін азайтуға мүмкіндік береді. 

Бірінші күннен бастап кафедра оқытушылары шетелдік студенттердің қаладағы өмірге бейімделуіне, білім алуына қолайлы жағдайлар жасауға ерекше назар аударады. Кафедрада шетелдік студенттермен толеранттылық, ынтымақтастық және серіктестік идеяларына негізделген түрлі іс-шаралар өткізеді. Жалпы, шетелдік студенттер оқу жылы барысында  іс-шараларға қатысып, өз елдері туралы әңгімелейді, ана тілінде ән айтады, ұлттық биін билейді. 

Оқытушылар елдегі мерекелерге, оның тарихына, көрнекті жерлеріне, Қазақстанның танымал тұлғаларына арналған дөңгелек үстелдер өткізеді. Мұндай іс-шаралар шетелдік студент­тер­дің толерантты қарым-қатынасын қалыптастыруға әсері мол. 

Кафедрада ұйымдастырылатын түрлі тәрбиелік, мәдени, ашық кура­тор­лық іс-шаралар, әсіресе табиғат аясына, өзен-көл, тауға, театр-музей­лер­ге және т.б. аумақтарға бірлескен экскурсия, саяхат өзара түсіністік пен достықты нығайтуға, жастарды тәр­бие­леуге айрықша ықпал етеді.       

Осындай мақсатта таяуда кафедрада шетелдік студенттерге арналған «Қазақстандағы толеранттылық пен ұлтаралық келісім» тақырыбында ашық кураторлық сағат өтті. Іс-шараның мақсаты – түрлі мәдениеттер мен ұлт өкілдеріне құрметпен қарау сезімін қалыптастыру. Мейірімділік, өзара түсіністік және азаматтық жауапкершілік құндылықтарын дамыту болды. Іс-шара барысында студенттер қазіргі қоғамдағы толеранттылықтың маңызын талқылап, интерактивті тапсырмалар мен сауалнамаларға қатысты, сондай-ақ достық пен келісім туралы өз түсініктерін шығармашылық жұмыстар мен топтық пікірталас арқылы білдірді.

Жиын қорытындысы көрсеткендей, шетелдік студенттер толеранттылық пен ұлтаралық келісімнің Қазақ­стан­дағы бейбітшілік пен тұрақ­ты­лықтың негізі екенін жақсы тү­­­сін­ді. Қаты­су­шылар белсенділік та­­нытып, өзара сыйластық пен пі­кір алуандылығына тәнті болды. Сондай-ақ халық бірлігі елдің табыс­ты болашағының кепілі екеніне көз жеткізді.

Айгүл СӘДЕНОВА,

Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының қауымдастырылған профессоры