"Сұңқардың" жаңа төрайымы тағайындалды
"Сұңқардың" жаңа төрайымы тағайындалды
ҚазҰУ механика-математика факультетінің Ө.Жолдасбеков атындағы үлкен залында "Сұңқар" студенттер кәсіподағының есептік-сайлау конференциясы өтті.
Шараға университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Шолпан Ерболқызы бастаған топ пен студенттер қатысты. Алғашқы сөзді кәсіподақ қызметін осы уақытқа дейін абыроймен атқарған Айдана Дәуренқызы алып, өзі атқарған бірнеше жыл ішіндегі толайым істер мен жобаларды, жарқын сәттерді, студенттермен тығыз байланыста болған кәсіподақтың ілкімді жұмыстарына тоқталып, қорытынды баяндамасын жасады. Сондай-ақ, өзі қызмет еткен жылдардағы кәсіподақ қызметі туралы үзік сыр шертетін шағын бейнеролик көрсетілгеннен кейін, ресми бөлім сайлау жүйесімен жалғасты.
Толайым табыстарға жетіп, университеттік студенттік кәсіподақ жұмысын жандандырған Айдана Дәуренқызын құттықтаған Шолпан Ерболқызы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың алғысын жеткізді.
– Сізді "Сұңқар" студенттер мен магистранттар кәсіподағында атқарған жемісті еңбегіңіз үшін алғыс білдіремін! Сіз қоғамның ең белсенді студент жастарының көшбасшысы ретінде университетіміздегі студенттер кәсіподағының жұмысын жүзеге асыруда, студент жастардың бойында Отансүйгіштік сезімін жетілдіруде, олардың мемлекет пен қоғамның дамуындағы рөлін арттыруда, елдің болашағы жолындағы жауапкершілігін нығайта түсуде зор еңбек атқардыңыз. Университет қабырғасында алған біліміңіз бен тәлім-тәрбиеңіз бойыңыздағы жақсы қасиеттермен ұштасып, еліміздің өркендеуі мен дамуына қызмет ететін маман боларыңызға деген сенім мол. Көздеген мақсат-мұратыңызға қол жеткізіп, армандарыңыз орындалсын. Келешегіңіз кемел, болашағыңыз нұрлы болсын!", – делінген алғыс хатта.
"Біздің "Сұңқар" Қазақстандағы студенттер кәсіподағының көшбасшысы деп толығымен айта аламын. Әлі мұндай жоғарғы деңгейдегі студенттік кәсіподақ қалыптасып үлгерген жоқ. Осындай биікке жетуіміз оның белсенді мүшесі бола білген студент жастар сіздер және көшбасшысы бола білген Айдана Дәуренқызы. Сондықтан да, бұл іс басшының жұмысты ұйымдастыра білуі мен жауапкершілігінен құралады. Айдана осы үдеден шығып, өзіне берілген міндетті толық атқарып шықты, алдағы төрайымға да осы мақсаттың үдесінен табылады деген үміттеміз", – деді "Парасат" кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев.
Ал ресми сайлау нәтижесі бойынша, 102 делегаттың толық қолдауымен "Сұңқар" студенттер кәсіподағының жаңа төрайымы қызметіне география және табиғатты пайдалану факультетінің 1-курс магистранты Шұғыла Бүрлібаева тағайындалды.
Жаңа төрайымның айтуынша, алдағы уақытта әлеуметтік көмек санын арттыру, студенттерді жан-жақты дамытуға арналған кең көлемді іс шаралар мен қалалық және республикалық деңгейде түрлі бағдарламалар ұйымдастыру, университет көлемінде студенттерге арналған жігерлендіру жобаларын құру көзделген.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
Сурет: Марат ЖҮНІСБЕКОВ