ҚазҰУ студенттері – қазақ күресінен әлем чемпиондары

4 қазан, 2016

ҚазҰУ-дың спортшы студенттерінің елімізде ғана емес сонымен қатар халықаралық аренада бағындырып жүрген биік белестері университет жастарының асқан дарындылықтары мен шеберліктерінің айқын көрсеткіші. Қазақ күресінен өткен ІІІ әлем чемпионатында ағайынды Ғұсман мен Ғұмар Қырғызбаевтар 60 және 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 2 алтын медальға ие болды.

Ағайындылардың үлкені Ғұсман қорытынды белдесуде Өзбекстан балуанын тізе бүктірді. «Біз Ғұмар екеуміз жарыс басталмай тұрып кім көбірек таза жеңіске жетеді деп бәстескен едік. Мен жеңдім», – деді Ғұсман естеліктерімен бөлісіп.

«Қорытынды айқаста Қытайдан келген спортшыны жеңдім. Чемпионатқа кіл мықтылар жиналған, барлық қарсыластар жақсы дайындықпен келген. Бәрінен де Монғолиядан келген споршымен белдескен қиындау болды. Ол дененің жоғары бөлігін қармап ұстады, ал менің айлам оның қулығын жүзеге асырмады», – дейді Ғұмар.

Оқу мен жаттығуды табысты қатар алып жүрген ағайынды Қырғызбаевтар заң факультетінің бірінші курс студенттері. «ҚазҰУ ең үздік университет. Мұнда студенттердің белсенді өмірі үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Оқытушылар да барлық бастамаларымызға үнемі қолдау көрсетіп жүреді», – дейді палуандар.

«Жігіттер халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері. Қарсыластар біздің спортшылармен белдесуге ерекше дайындалған. Халықаралық жарыстарға қазақстандық балуандардың қатысуы біздің ұлттық спорт түрлері мен спорттық дәстүрлерімізге берілген құрмет деп білемін. Ғұсман мен Ғұмар елімізді және өздері оқитын университеттің атағын асқақтатып жүрген палуандар», – деп ҚазҰУ жаттықтырушысы Файзулла Қойшыманов мақтанышпен атап өтті.

Палуандар қазақ күресінен ғана емес, сонымен қатар дзюдодан да республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпиондары. Ғұсман мен Ғұмар осы бағыттарынан таймай, 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарында алтын алуға бекініп отыр.

Чемпиондардың айтуынша босаңсуға болмайды. Алдағы уақытта ағайынды палуандар қазақ күресінен өтетін IV халықаралық чемпионатқа қатысуды жоспарлап отыр. «Біз «Еуразия барысы» атағына бақ сынауға дайынбыз», – деді Ғұмар Қырғызбаев.

Қытай Халық Республикасында қазақ күресінен өткен ІІІ әлем чемпионатына 28 елден 200-ден аса спортшы қатысты. Қазақстан командасынан бес салмақ дәрежесі бойынша алты спортшы бақтарын сынады. Нәтижесінде біздің спортшылар 5 алтын медальға ие болды. Оның екеуін ҚазҰУ студенттері қанжығаларына байлады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы Ғұсман мен Ғұмарды әлем чемпионатында жеткен жетістіктерімен құттықтайды. Біз Сіздермен және Сіздер бағындырған биік белестермен мақтанамыз!

Сіздерге зор денсаулық пен жаңа жеңістер тілейміз!

  

Айкерим КАМАЛДИНОВА