Қиыр Шығыс кафедрасының әлемдік жетекші жоғары оқу орындарымен оқыту және ғылым саласындағы тығыз халықаралық байланысы оқытушылардың үнемі кәсіби деңгейін дамытуға, біліктілігін жетілдіру курстарынан өтіп, шетелдік ұйымдардағы дәрістер мен шеберлік сыныптарына қатысуға мүмкіндік береді. Шетелдік университеттермен тәжірибе алмасу мақсатында ҚазҰУ оқытушылары тағлымдамадан өтеді. Әріптестік қарым-қатынастың ең басты нәтижесі – біздің университеттің шетелде кеңінен танымал болуы және шетелдік студенттердің ҚазҰУ-ға оқуға келуі.
Аз уақыт бұрын ғана Оңтүстік Кореяның үкіметтік "Кенги синмум" газетінде және Инха Қыздар университеті сайтында (Сеул қ., Оңтүстік Корея) Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі Н.Б. Емнің шетелдегі тағылымдама нәтижелері туралы кең көлемді мақаласы жарық көрді.
Мақалада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жетістіктері мен табыстары, оның бәсекеге қабілетті басымдықтары, университеттегі корейтану бағытының қалыптасуы мен даму тарихы, кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамының еңбектері туралы айтылған. Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі Оңтүстік Кореяның жетекші университеттеріне көп жылдық достық пен жемісті әріптестік үшін алғысын білдірген.
«Қазақстандағы этникалық кәріс өкілі ретінде мен ТМД елдерінің корейтанушы 33 оқытушысымен бірге шетелдік кәрістер халықаралық Қорының бағдарламасы бойынша Инха университетіне келдім. Бұл бағдарлама ТМД елдері университетінің профессорлық-оқытушылық құрамына арналған. Уақытымыздың бәрі ұйымдастырушылармен тығыз қарым-қатынаста өтті. Бағдарлама аясында қазіргі оңтүстік Кореяның тілі, тарихы, саясаты, экономикасы мен мәдениетіне қанықтық. Мені әлемнің өзге елдерінен келген оқытушылардың кәсіби деңгейінің биіктігі қанаттандырды. Корей тілін меңгерудегі ақпараттық жүйе, білім берудегі ойын түрлері мен әдіс-тәсілдер, сабақ құрылымының әдістемелік негізі, сондай-ақ дәстүрлі музыка мәдениетімен танысу мүмкіндігі жоғары кәсіби деңгейде ұсынылды. Ерекше әсер қалдырғаны – Инха университетінің Тіл орталығы профессорларының оқытудағы әдіс-тәсілдерінің қарапайымдылығы мен тиімділігі болды», - деп атап көрсетеді Наталья Ем.
Естеріңізге сала кетейік, ҚазҰУ мен Инха Қыздар университеті арасындағы академиялық байланыс 10-жылдан астам уақыт жалғасып келеді. Әріптестіктің жаңа кезеңінде екі ұйым арасында жазғы бағдарламалар ұйымдастыру және өткізу шаралары, бірлескен оқу құралдарын жарыққа шығару ісі қолға алынуда. 2017 жылы Корей қорының демеушілігімен серіктес университеттің тіл орталығының оқу материалдары ҚазҰУ кітапханасына берілетін болды. Жыл сайын Инха Қыздар университеті профессорларымен ортақ зерттеу жобаларын дайындау және жүзеге асыру бағытында да байланыс орнап жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. 2017 жылы Қиыр Шығыс кафедрасына шетелдік университеттермен әріптестікті жандандыру мақсатында делегация келеді деп күтілуде.