ҚазҰУ Өзбекстанның төрт жетекші университетімен келісім жасасты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Өзбекстанға жұмыс сапары аясында жергілікті төрт жоғары оқу орнымен ынтымақтастық меморандумдарына қол қойды.
Уағдаластықтар академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және инновациялық білім беру жобаларын жүзеге асыруға бағытталған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жаңа серіктестері қатарына Бұхара мемлекеттік университеті, Ферғана мемлекеттік университеті, Нөкіс мемлекеттік техникалық университеті және Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникациялар университеті енді.

Бұхара мемлекеттік университетімен жасалған меморандум ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты дамыту, бірлескен зерттеулер жүргізу, сондай-ақ халықаралық конференциялар мен семинарлар ұйымдастыруды көздейді.
Ферғана мемлекеттік университетімен келісім аясында бірлескен ғылыми және инновациялық жобаларды жүзеге асыру, оқытушылар мен студенттер алмасу, сондай-ақ бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу жоспарланған. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – қосдипломды білім беру бағдарламаларын дамыту. Бұл бастама студенттердің академиялық мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Нөкіс мемлекеттік техникалық университетімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум білім беру және ғылым салаларындағы өзара байланысты кеңейтуді, зерттеулер мен технологиялар бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды қарастырады.

Ал Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетімен серіктестік медиа саласындағы бірлескен ғылыми іс-шаралар өткізуді, зерттеулер жүргізуді және мақалалар жариялауды қамтиды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі