- Басты бет
- Дайджест
- ҚазҰУ өкілдері Испанияда өткен Erasmus+ EDUFUSION NSG халықаралық жобасының жұмыс кездесуіне қатысты
ҚазҰУ өкілдері Испанияда өткен Erasmus+ EDUFUSION NSG халықаралық жобасының жұмыс кездесуіне қатысты
2026 жылғы 13-15 қазан аралығында Испанияның Виго қаласында Erasmus+ бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Edu-Fusion Network for Sustainable Growth» (EDUFUSION NSG) халықаралық жобасы бойынша жұмыс кездесуі өтті.
Аталған кездесуге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті атынан физика-техникалық факультетінің профессор-оқытушылары Ерулан Сағидолда және Туреханова Кундуз Моминовна қатысты.
Еуропалық Одақтың Erasmus+ бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылатын EDUFUSION NSG жобасы Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуға, білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына сәйкестендіруге, университеттер мен өндіріс арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған.
Виго университетінде өткен жұмыс кездесуінде жобаның жүзеге асырылу барысы, қол жеткізілген нәтижелер, сапаны қамтамасыз ету, халықаралық серіктестік және жобаның нәтижелерін кеңінен тарату мәселелері қарастырылды.
Атап айтқанда, WP6 – EduFusion Network Growth and Outreach жұмыс пакеті аясында жобаның ақпараттық стратегиясы, цифрлық платформалар арқылы нәтижелерді тарату, оқытушылардың кәсіби даму бағдарламаларын ілгерілету және әйелдердің STEAM бағытындағы білім беру бағдарламаларына қатысуын арттыру бастамалары талқыланды.
Сонымен қатар, жоба шеңберіндегі білім беру бағдарламаларының сапасын бағалау, мониторинг жүргізу, халықаралық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз ету және серіктес университеттер арасындағы тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдерінің халықаралық жоба жұмысына қатысуы университеттің еуропалық жоғары оқу орындарымен ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға, білім беру саласындағы инновациялық тәжірибелерді зерделеуге және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
EDUFUSION NSG жобасы Қазақстандағы жоғары білімнің сапасын арттыруға, инновациялық оқыту әдістерін енгізуге және білім, ғылым мен өндіріс арасындағы тұрақты байланысты қалыптастыруға бағытталған маңызды халықаралық бастамалардың бірі болып табылады.
Жоба туралы толық ақпарат: https://www.edufusion-nsg.com/
Жоба Еуропалық Одақтың Erasmus+ бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылады.