ҚазҰУ-да ТМД ғалымдары бас қосты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ТМД-ға мүше мемлекеттердің өкілдері бас қосты. Халықаралық жиынға ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, сондай-ақ Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және басқа да елдерден келген жетекші ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары мен сарапшылар қатысты.
Оқу ордасында тұрақты даму, әлеуметтік-гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселесіне арналған секциялық отырыстар өтті.

Шарада Жансейіт Түймебаев мұндай халықаралық кездесулердің ғылыми қауымдастық арасындағы байланысты тереңдетіп, жаңа бастамалар мен ортақ жобалардың жүзеге асуына жол ашатынын атап өтті. Университет басшысы шетелдік ғалымдарды ҚазҰУ студенттерімен кездесіп, арнайы көшбасшылық дәрістер өткізуге шақырды. Ректордың айтуынша, халықаралық деңгейдегі ғалымдардың тәжірибесі мен ғылыми көзқарасы жас ұрпақтың кәсіби қалыптасуына, зерттеушілік әлеуеті мен дүниетанымын кеңейтуге ықпал етеді.

Сондай-ақ сециялық отырыста Беларусь Ұлттық ғылым академиясының бас ғылыми хатшысы Василий Гурский жасанды интеллект агенттерінің құқықтық мәртебесі мен жауапкершілігі мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда дербес әрекет ететін ЖИ агенттерінің қызметін реттейтін нақты институционалдық және құқықтық тетіктер қалыптастыру маңызды. Оған қоса, ол жасанды интеллектінің мүмкіндіктері кеңейген сайын адам мен технология арасындағы жауапкершілік шекарасын айқындау қажеттігін де баса айтты.

Өз кезегінде Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті ректорының кеңесшісі Музарбек Жолошев халықаралық саудадағы деректер алмасу мәселесіне тоқталып, жасанды интеллект негізінде бірыңғай сараптамалық платформа құру бастамасын таныстырды. Жоба ТМД елдері арасындағы тауар айналымы туралы мәліметтерді біріктіріп, өндірушілер мен сатып алушыларды өзара байланыстыруға мүмкіндік береді. Платформа арқылы мемлекеттердегі өнім түрлері, өндіріс көлемі, бағасы мен ұсыныстары туралы ақпаратты бір жерден алуға болады. Бұл бастама сауда байланыстарын нығайтып, экономикалық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Форумға қатысушылар ТМД елдері арасындағы ғылыми ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерудің маңыздылығын алға тартып, ғалымдардың өзара байланысын жүйелі түрде дамыту қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар ғылыми әлеуетті біріктіру, бірлескен зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу және ортақ ғылыми жобаларды іске асыру бағытында ынтымақтастық орнатуға мүдделі екендіктерін білдірді.

Шарадан соң делегация мүшелері ҚазҰУ базасындағы орталықтарды аралап, университет ғалымдары жүзеге асырып жатқан инновациялық жобалармен танысты.





Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі