НАШАҚОРЛЫҚ – ӨМІРГЕ ТӨНГЕН ҚАУІП: ЖАСТАРДЫ САНАЛЫ ТАҢДАУ ЖАСАУҒА ШАҚЫРУ — ҚазҰУ

НАШАҚОРЛЫҚ – ӨМІРГЕ ТӨНГЕН ҚАУІП: ЖАСТАРДЫ САНАЛЫ ТАҢДАУ ЖАСАУҒА ШАҚЫРУ

30 қазан 2026
НАШАҚОРЛЫҚ – ӨМІРГЕ ТӨНГЕН ҚАУІП: ЖАСТАРДЫ САНАЛЫ ТАҢДАУ ЖАСАУҒА ШАҚЫРУ

30 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінде «Нашақорлық – өмірге төнген қауіп» тақырыбында тәрбиелік мәні зор кураторлық сағат ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студент жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, зиянды әдеттердің адам өмірі мен қоғамға тигізетін кері әсерін түсіндіру, салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың өз болашағына деген жауапкершілігін арттыру.

Кураторлық сағат барысында 103-топ студенттеріне нашақорлықтың әлеуметтік, психологиялық және медициналық зардаптары туралы бірнеше әлеуметтік бейнеролик көрсетілді. Көрсетілімнен кейін студенттер өзара пікір алмасып, бейнероликтерде көтерілген мәселелерге қатысты көзқарастарын білдірді. Әсіресе, есірткіге тәуелділіктің жеке адам тағдырына, отбасылық құндылықтарға және қоғамның дамуына тигізетін әсері кеңінен талқыланды.

Танымдық бөлімде тақырыпқа байланысты түрлі ойындар мен викториналық сұрақтар ұйымдастырылды. Студенттер белсенділік танытып, өз білімдерін ортаға салып, маңызды сұрақтарға жауап берді. Интерактивті тапсырмалар жастардың тақырыпқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, мәселені жан-жақты түсінуге мүмкіндік берді.

Іс-шара барысында жастардың зиянды әдеттерге қарсы иммунитетін қалыптастыру, өмірлік ұстанымдарын нығайту, дұрыс таңдау жасай білу және бос уақытты тиімді ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мұндай тәрбиелік-танымдық кездесулер студенттердің азаматтық жауапкершілігін арттыруға, әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамауға және салауатты өмір салтын ұстануға бағытталады. Өйткені есірткісіз қоғам қалыптастыру – тек бір адамның емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті.

Өмірді таңдау – әр адамның өз қолында. Денсаулықты сақтау, болашаққа жауапкершілікпен қарау және зиянды әдеттерден аулақ болу – жарқын келешектің басты кепілі.

Неля Берікқызы Рушанова, 
Баспасөз және электронды БАҚ 
кафедрасының доцент м.а., PhD