«Алтыбақан» ұлттық өнер кеші – мәдени мұра мен білім сабақтастығы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдік тыңдаушылары «Алтыбақан» дәстүрлі ән-сауық кешін тамашалап, қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен ұлттық өнерінің тағылымды әлеміне саяхат жасады.
Университет басшылығының қолдауымен ұйымдастырылған мәдени-танымдық іс-шара аясында шетелдік тыңдаушыларға тегін билеттер ұсынылып, олардың ұлттық өнер туындыларымен жақынырақ танысуына мүмкіндік жасалды.
Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты – «Сапалы білім» және 11-мақсаты – «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» бағыттарымен сабақтастырылды.
Кештің басты ерекшелігі – оқу үдерісінде меңгерілген теориялық білімнің сахналық өнер арқылы тәжірибемен ұштасуы. Атап айтқанда, қазақ әдебиеті пәніндегі «Ауыз әдебиеті» бөлімінің «Тұрмыс-салт жырлары» тақырыбы көркем қойылымдар арқылы жаңа мазмұнда ашылып, тыңдаушыларға ұлттық дәстүрлердің тарихи және рухани мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
«Алтыбақан» кешінде Үкілі Ыбырай мен Абай Құнанбайұлының әндері шырқалып, Арқа және Жетісу әншілік мектептерінің дәстүрлері кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар айтыс өнері, ұлттық билер, күй жарысы мен халқымыздың тұрмыс-салт дәстүрлерін бейнелейтін сахналық көріністер көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
ТДМ 4 аясында ұйымдастырылған бұл мәдени бастама тыңдаушылардың танымдық көкжиегін кеңейтіп, білім мен өнердің өзара байланысын нығайтса, ТДМ 11 шеңберінде ұлттық мәдени мұраны сақтау, насихаттау және оның құндылығын халықаралық деңгейде танытуға ықпал етті.
Мәдени-танымдық сапар нәтижесінде шетелдік тыңдаушылардың қазақ халқының тарихына, әдебиетіне, өнері мен салт-дәстүріне деген қызығушылығы артып, мәдениетаралық өзара түсіністік пен құрмет құндылықтары нығая түсті.
Мұндай тағылымды бастамалар ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, білім алушылардың рухани дамуына жол ашып, университеттің сапалы білім беру мен мәдени мұраны сақтау бағытындағы тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыруға үлес қосады.