ҚазҰУ Азиядағы көшбасшылығын бекітіп, қос халықаралық марапатқа ие болды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық аренадағы кезекті маңызды жетістікке қол жеткізді. QS World University Rankings: Asia 2027 беделді рейтингінің қорытындысы бойынша Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны 46-орынды иеленіп, отандық және өңірлік жоғары білім беру жүйесіндегі көшбасшылық мәртебесін тағы бір мәрте растады.
ҚазҰУ Орталық Азиядағы жетекші университет ретіндегі орнын сақтап, Азияның ең үздік 50 оқу орнына бесінші жыл қатарынан енді.
Quacquarelli Symonds агенттігінің биылғы рейтингі осы уақытқа дейінгі ең ауқымды әрі бәсекелестігі жоғары шығарылым болды. Сарапшылар 26 елден 1700-ден астам жоғары оқу орнының қызметін таразылап, бағалады. Нәтижесінде 46-орынға тұрақтаған Farabi University Азия құрлығындағы ең үздік білім беру ұйымдарының алдыңғы 3 пайызының қатарына кірді.

Рейтинг қорытындылары QS Higher Ed Summit: Asia Pacific 2026 жаһандық саммитінің ашылуында жарияланды. Индонезияның Бали аралында өткен халықаралық форумға әлемнің 1000-нан астам академиялық көшбасшысы қатысты.
Саммит аясында ҚазҰУ екі беделді марапатпен салтанатты түрде марапатталды. Білім беру үдерісінің жоғары сапасы үшін – «Learning Experience Champions», халықаралық ықпалдастықты дамытудағы жетістіктері үшін «Global Engagement Champions» марапаттары табысталды.

Рейтинг нәтижелері университеттің негізгі бағалау көрсеткіштері бойынша айтарлықтай ілгерілеу бар екенін айқын көрсетті. Атап айтқанда оқыту сапасын арттыру және білім беру үдерісін жекелендіру бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер арақатынасы көрсеткіші бойынша ҚазҰУ Азияда 12-орынға көтерілді. «Халықаралық ғылыми-зерттеу желісі» көрсеткіші бойынша университет бірден 13 сатыға жоғарылап, 31-орынға ие болды. Сондай-ақ шетелдік профессорлардың қатысу көрсеткіші бойынша 12 сатыға ілгеріледі.
Түлектердің еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие болуы – университеттің дәстүрлі артықшылықтарының бірі. Жұмыс берушілер арасындағы беделі бойынша ҚазҰУ Азияда 29-орынға тұрақтаса, академиялық бедел көрсеткіші бойынша өңірдегі ең үздік 50 университеттің қатарынан көрінді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың беделді халықаралық рейтингтегі жоғары көрсеткіштері университеттің тұрақты дамуын, білім беру мен ғылыми зерттеулер сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижелілігін білдіреді. Сонымен қатар университеттің әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтып, халықаралық деңгейдегі білікті мамандар даярлауға қосқан үлесін айқындайды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі