Кино – тек өнер ғана емес, адам тағдырын, қоғамның тынысын, ұлттың болмысын үлкен экран арқылы танытатын құдіретті әлем. Сол әлемнің көзге көріне бермейтін, алайда фильм тағдырын айқындайтын маңызды саласының бірі – кинопродюсерлік.
4 қараша күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі кинопродюсер - Қанат Әшірбекұлы Төребаймен «Кино&Медиа» мамандығының 1-курс студенттері кездесті. «Кинопродюсерлік: идеядан үлкен экранға дейін» тақырыбында өткен шеберлік сабағы болашақ кино мамандары үшін тағылымға толы жүздесуге айналды.
Кездесу барысында Қанат Әшірбекұлы кино өндірісінің сан қырлы әлемі туралы әңгімелеп, идеяның дүниеге келуінен бастап оның көрерменге жол тартуына дейінгі күрделі әрі қызықты үдерістерге тоқталды. Кино түсіру – шығармашылық шабыт пен қажырлы еңбекті, үлкен жауапкершілік пен ұжымдық үйлесімділікті талап ететін сала екенін өмірлік тәжірибесі арқылы жеткізді.
Белгілі продюсер өзінің тікелей қатысуымен көрерменге жол тартқан - «Мұстафа Шоқай», «Жат», «Қаш», «Келін», «Кемпір» және «Шырақшы» фильмдерінің түсірілу тарихынан сыр шертті. Әр фильмнің экранға жету жолында кездесетін түрлі қиындықтар мен қызықты оқиғалар студенттердің ерекше ықыласын тудырды.
Екі сағатқа созылған кездесуде жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, кино саласының тәжірибелі маманымен еркін пікір алмасты. Қанат Әшірбекұлы студенттердің мамандыққа деген қызығушылығы мен белсенділігін жоғары бағалап, олардың сұрақтарына ашық әрі шынайы жауап берді.

Осындай жүздесулердің болашақ мамандар үшін маңызы зор. Себебі теориялық білім мен кәсіби тәжірибенің тоғысқан тұсында студент өз мамандығына басқа қырынан қарап, кино әлеміне бастар жолын айқындай түседі.
Тағылымды кездесу соңында Қанат Әшірбекұлы алдағы уақытта да Журналистика факультетінің студенттерімен кездесіп, кәсіби тәжірибесімен бөлісуге ниет білдірді.

Кино – мыңдаған адамның еңбегі мен бір идеяның тоғысынан туатын өнер. Ал сол өнердің қыр-сырын кәсіби маманнан тыңдау – болашақ кино мамандары үшін үлкен тәжірибе, жаңа ізденістерге бастайтын маңызды мүмкіндік.
Неля Берікқызы Рушанова,
Баспасөз және электронды БАҚ
кафедрасының доцент м.а., PhD