Қаржылық сауаттылық – табысты болашақтың кепілі — ҚазҰУ

Қаржылық сауаттылық – табысты болашақтың кепілі

6 қараша 2026
Қаржылық сауаттылық – табысты болашақтың кепілі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің «Цифрлық медиадағы драматургия» мамандығының 4-курс студенттері мен куратор Назкен Жансерікқызының ұйымдастыруымен 6 қараша күні «100 сұрақ – табысты түлекке» тақырыбында қаржылық сауаттылыққа арналған зияткерлік сайыс өтті.

Шараның басты мақсаты – студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру, қаражатты тиімді басқару дағдыларын қалыптастыру және болашақ мамандарды қаржылық тұрғыдан жауапты шешім қабылдауға баулу. Білім мен тапқырлық сынға түскен сайыс студенттердің күнделікті өмірде жиі кездесетін қаржылық мәселелерге жаңаша көзқараспен қарауына мүмкіндік берді.

Зияткерлік жарыс ерекше тәсілмен басталды. Қатысушылар екі түрлі түсті лента арқылы «Капитал» және «Миллион» командаларына бөлінді. Әр топ өз басшысын сайлап, ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуге кірісті. Бұл әдіс студенттерді кездейсоқ топтастырып қана қоймай, олардың өзара пікір алмасуына, бірлесіп шешім қабылдауына және командалық қабілеттерін көрсетуіне жол ашты.

Екі кезеңнен тұратын сайыстың алғашқы бөлімі «Есептей білсең, еселенеді» деп аталды. Бұл кезеңде студенттерге өздеріне етене таныс жағдай ұсынылды: ай сайынғы 52 375 теңге шәкіртақыны келесі айға дейін қалай жеткізуге болады?

Қатысушылар берілген қаражатты күнделікті қажеттіліктерге бөліп, шығындарды жоспарлау мен үнемдеудің тиімді жолдарын қарастырды. Бірі қаражатты ең алдымен міндетті төлемдерге бөлуді ұсынса, енді бірі күтпеген шығындарға қаржы қалдырудың маңыздылығына назар аударды. Осылайша, қарапайым шәкіртақыны жоспарлау тапсырмасы студенттер арасында қызу пікірталасқа ұласты.

Алғашқы кезең қатысушыларға қаржылық сауаттылықтың тек сандарды есептеу емес, ең алдымен қажеттілік пен қалауды ажырата білу, басымдықтарды дұрыс анықтау және қолда бар мүмкіндікті ұтымды пайдалану екенін көрсетті.

Сайыстың екінші, шешуші кезеңі викториналық сұрақтар түрінде ұйымдастырылды. Мұнда командалар қаржыға қатысты білімдерін, логикалық ойлау қабілеттерін және шапшаңдықтарын сынға салды. Әр сұраққа жауап іздеу барысында студенттер өзара ақылдасып, пікірлерін дәлелдеуге тырысты. Тартысты өткен зияткерлік бәсекеде «Миллион» командасы ұпай санынан басым түсіп, жеңімпаз атанды.

Дегенмен сайыстың басты жетістігі жеңімпазды анықтаумен ғана шектелген жоқ. Қатысушылар қаржыны басқарудың маңызын тереңірек түсініп, күнделікті өмірде қолдануға болатын пайдалы білім жинақтады.

Шара соңында топ кураторы Назкен Жансерікқызы барлық студентке қаржылық сауаттылық тақырыбындағы кітаптарды сыйға тартты. Бұл тарту білім алушылардың қаржы саласындағы ізденістерін одан әрі жалғастыруына жасалған ынталандыру болды.

Қаржылық тәуелсіздік үлкен табыстан емес, қолдағы қаражатты дұрыс басқарудан басталады. Осы тұрғыдан алғанда, «100 сұрақ – табысты түлекке» зияткерлік сайысы студенттердің қаржылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған мазмұнды шаралардың бірі болды.

Бүгін шәкіртақысын жоспарлауды үйренген студент ертең өз табысын, кәсіби мүмкіндіктерін және болашағын саналы түрде басқаруға бір қадам жақындай түседі. Өйткені қаржылық сауаттылық – тек үнемдей білу емес, болашаққа жауапкершілікпен қараудың көрінісі.