Парасаттылық – адамдық өлшемі: Университетте жемқорлыққа қарсы кураторлық сағат өтті — ҚазҰУ

Парасаттылық – адамдық өлшемі: Университетте жемқорлыққа қарсы кураторлық сағат өтті

5 қараша 2026
Парасаттылық – адамдық өлшемі: Университетте жемқорлыққа қарсы кураторлық сағат өтті

Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін, қоғамның іргетасын шайқалтатын және ел болашағына балта шабатын кесел. Осы келеңсіз құбылыстың алдын алу және жастардың бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында жоғары оқу орнымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Осындай игі бастамалардың жалғасы ретінде, «Жемқорлықтан ТЫС университет» жобасы аясында 201-топтың эдвайзері Бауыржан Әліқожаның жетекшілігімен «Жемқорлыққа жол жоқ...» атты куратор сағаты өтті. Шараның негізгі мақсаты – студенттерді рухани-адамгершілікке тәрбиелей отырып, бойларына адалдық пен парасаттылық құндылықтарын егу.

Жиын барысында эдвайзер Бауыржан Әліқожа сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізер зардабы терең екенін, оның ешқашан елді де, жеке тұлғаны да өрге бастырмайтынын атап өтті:

«Жемқорлық бар жерде әділдік өлмейді, бірақ даму тоқтайды. Ешбір арам жолмен келген табыс немесе жеңіл жетістік адамға баянды бақыт әкелмейді. Біздің басты мақсатымыз – заң үстемдік құратын, әрбір азамат өз еңбегімен ғана биікке шығатын таза қоғам құру. Ал ол қоғамның негізі бүгінгі сіздер сияқты парасатты жастардан басталады», – деді эдвайзеріміз.

Кураторлық сағат аясында студенттер де өз пікірлерін ортаға салып, жемқорлықпен күресу тек заң орындарының ғана емес, әрбір азаматтың қасиетті міндеті екенін алға тартты. Еркін пікірталас форматында өткен кездесуде жастар құқықтық мемлекет қалыптастыру жолында белсенділік танытуға дайын екендіктерін көрсетті.

Мұндай рухани-адамгершілік бағытындағы шаралар студенттердің бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы берік иммунитет қалыптастырып, олардың ертеңгі күні еліміздің адал да білікті маманы болып шығуына септігін тигізері сөзсіз.

Жанерке Айдарқызы,
2-курс студенті