Жаңа Азаматтық кодекстің тұжырымдамалық негіздері сараланды — ҚазҰУ

Жаңа Азаматтық кодекстің тұжырымдамалық негіздері сараланды

10 қараша 2026
Жаңа Азаматтық кодекстің тұжырымдамалық негіздері сараланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Конституция – Қазақстан Республикасының жаңа азаматтық заңнамасын дамытудың негізі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті. Ауқымды шараны ҚазҰУ заң факультетінің Азаматтық құқық, азаматтық процесс және еңбек құқығы кафедрасы ұйымдастырды.

Академиялық басқосуға отандық және шетелдік заңгер-ғалымдар, судьялар, адвокаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен заңгер-практиктер қатысты. Жиын азаматтық заңнаманы жаңарту және жаңа Азаматтық кодексті әзірлеудің өзекті мәселелеріне арналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында заманауи талаптарға сай келетін, азаматтар, кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз ететін жаңа Азаматтық кодексті 2027 жылдың соңына дейін қабылдау қажеттігін жүктеген болатын. Жиынға қатысушылар осы реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету тетіктерін сараптады.

Дөңгелек үстелдің ашылуында ҚазҰУ ректорының кеңесшісі Еркін Дүйсенов, Omir Innovation University президенті, профессор Өмірәлі Жалаири және ҚазҰУ заң факультетінің деканы, профессор Уәлихан Ахатов сөз сөйлеп, шараның ғылыми-академиялық мәніне тоқталды.

Ғылыми отырыс барысында баяндама жасаған ҚазҰУ профессоры Алуа Ибраева Мемлекет басшысы жолдауының елдің құқықтық жүйесін дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті. Профессор өз сөзінде Ата заңда бекітілген қағидаттарды ұлттық заңнамада жүйелі түрде іске асыру, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды басты орынға қою және заңдылықты нығайту қажеттігіне назар аударды.

Талқылаудың маңызды бағыттарының бірі – меншік құқығының конституциялық кепілдіктері. Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының судьясы, заң ғылымының докторы Айжан Жатқанбаева бұл кепілдіктердің азаматтық заңнаманы жетілдірудегі рөліне мән берді. Сонымен қатар сот жүйесі мен заңгерлік қауымдастық өкілдері азаматтық құқықтарды қорғау және құқық қолдану тәжірибесін жетілдірудің практикалық мәселелерін ортаға салды.

Заңнаманы жаңғыртудың экономикалық және экологиялық қырларын «BAYTAQ» Қазақстан жасылдар партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, қоғам қайраткері, эколог, экономист және кәсіпкер Алма Қараш қозғады. Ол заманауи құқықтық тетіктерді әзірлеу барысында экологиялық мүдделер мен технологиялық өзгерістерді ескеру қажеттігін алға тартты.

Сондай-ақ Ташкент мемлекеттік заң университетінің профессоры Омонбой Окюлов азаматтық құқықты дамытудағы жалпы және ұлттық тәсілдердің арақатынасы туралы баяндады. Ал В.М.Лебедев атындағы Ресей мемлекеттік әділет университетінің Азаматтық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымының докторы Анна Ананьева цифрландыру мен платформалық экономиканың екі ел заңнамасындағы құқықтық реттелу мәселелерін қарастырды.

Кездесу қорытындысында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеудің басым бағыттары талқыланды. Қатысушылар оның негізінде конституциялық кепілдіктерді іске асыру, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және елдің қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму талаптарына сай құқықтық тетіктер қалыптастыру қажеттігін тұжырымдады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі