ҚазҰУ мен ICESCO: «Әл-Фараби және оның адамзат тарихына қосқан үлесі» атты II халықаралық конференция өтті — ҚазҰУ

ҚазҰУ мен ICESCO: «Әл-Фараби және оның адамзат тарихына қосқан үлесі» атты II халықаралық конференция өтті

6 қараша 2026
ҚазҰУ мен ICESCO: «Әл-Фараби және оның адамзат тарихына қосқан үлесі» атты II халықаралық конференция өтті

2026 жылғы 6 қарашада «Философия. Ізгілік. Болашақ» атты «Әл-Фараби – 2026» халықаралық симпозиумы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымымен бірлескен «Әл-Фараби және оның адамзат тарихына қосқан үлесі» атты II халықаралық конференция өтті.


Конференция Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасын зерделеуге, оның әлемдік өркениет дамуындағы орнын айқындауға және идеяларының қазіргі заман үшін өзектілігін талқылауға арналды.
Бұл конференцияның біріншісі 2023 жылғы 11-12 қазанда Марокко астанасы Рабат қаласындағы ICESCO штаб-пәтерінде өткен болатын. Сол жиында ҚазҰУ мен ICESCO арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, әл-Фараби мұрасын бірлесіп зерттеу мен насихаттаудың жаңа бағыттары айқындалған болатын. Бүгінгі конференция – осы халықаралық әріптестіктің заңды жалғасы. 


Іс-шараның пленарлық мәжілісінен кейін төрт ғылыми секция жұмыс жасады. “Әл-Фараби мұрасы және жаһандық сын-қатерлер”, “Әл-Фараби және болашақ философиясы”, “Әл-Фараби және жауапты азамат тәрбиесі”, “Фарабитанудың қазақстандық тәжірибесі” атты секция отырыстарында фарабитанудың өзекті мәселелері талқыланды. 


Қатысушылар ғылыми пікір алмасып, зерттеу бағыттары бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, фарабитанушы ғалымдар, профессор Шехабеддин Ахмет Фарфур (Түркия) әл-Фараби мұрасындағы ырғақ мәселесі мен «Самах» биін салыстыра талдау, Сирияның Қазақстан Республикасындағы Құрметті консулы Дерех Самир Али Сириядағы әл-Фараби орталығының дамуы (Сирия), профессор Али Рыза Гүл (Түркия) ойшыл еңбектеріндегі білім мен ізгілік бірлігі, Орталық Азиядағы БҰҰ волонтері, экология және әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі кеңесшісі, профессор Болтри Роберто (Италия) фарабитанудың дамуы, Maqsut Narikbayev University қауымдастырылған профессоры Асыл Тулеубеков (Қазақстан) әл-Фараби антропологиясындағы интеллект мәселесі, университетіміздің ғалымдары, профессор Қарлығаш Борбасова ойшыл философиясындағы дін, мораль және қоғамдық тәртіп, профессор м.а. Мира Балтымова Екінші ұстаздың білім мен тәрбие тұтастығы концепциясындағы тұлға мәселесі, қауымдастырылған Әлия Өмірбекова ғұлама идеялары аясындағы әлеуметтік желілер және мәдени мұраны сақтау мәселелерін қозғады. Сонымен қатар Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанттары мен магистранттары фараьитану мәселелері бойынша баяндамаларын талқыға салды. 
Секциялық мәжілістердің модераторлары, профессорлар Айнұр Құрманалиева, Қарлығаш Борбасова, профессор м.а. Мира Балтымова, қауымдастырылған профессор Әлия Өмірбекова қатысушылардың тұжырымды пікірлері негізінде конференцияның шешімдерін талқылады.  


Конференция қорытындысы бойынша әл-Фарабидің бай ғылыми-философиялық мұрасын халықаралық деңгейде зерттеу, отандық және шетелдік ғалымдар арасындағы академиялық байланыстарды нығайту, бірлескен ғылыми жобалар мен жарияланымдарды дамыту қажеттігі айқындалды. Халықаралық конференция ұлы ойшылдың мұрасын әлемдік ғылыми кеңістікте кеңінен насихаттауға, фарабитану ғылымының дамуына және өркениетаралық ғылыми-мәдени диалогты нығайтуға маңызды үлес қосты.