Бакир Ал-Улум университетінің ғалымы дәріс оқыды — ҚазҰУ

Бакир Ал-Улум университетінің ғалымы дәріс оқыды

9 қараша 2026
Бакир Ал-Улум университетінің ғалымы дәріс оқыды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұйымдастыруымен 2026 жылғы 9 қарашада Иранның Құм қаласындағы Бакир әл-Улум университетінің профессоры, доктор Горджиян Араби Мохаммад Махди Моссаеб «Дінтану», «Исламтану» білім беру бағдарламысының студенттері мен магистранттарына  дәріс оқыды. 
Дәріс тақырыбы ислам философиясындағы тәуелді болмыс және құдайлық этиканың негіздерін талдауға арналды. Ғалым әл-Фараби мұрасының маңыздылығына тоқталып, ислам философиясының негізгі мәселелерінің бірі – болмыстың табиғаты мен оның метафизикалық негіздері туралы сөз қозғады. Атап айтқанда, қажетті және мүмкін болмыс ұғымдары, жаратылған дүниенің болмыстық тәуелділігі, Жаратушы мен жаратылыс арасындағы онтологиялық қатынас мәселелері қарастырылды. Сонымен бірге құдайлық этиканың философиялық негіздері, адам әрекетінің моральдық өлшемдері, рухани кемелдену, ізгілік пен жауапкершілік ұғымдарының өзара байланысына назар аударылды.


Іс-шараға Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының мәдени істер жөніндегі атташесі Садеги Мухаммед Масуд, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманалиева,  оқытушы-профессорлар, студенттер мен магистранттар қатысты. 
Дәріс барысында оқытушылар мен білім алушылар сұрақ қойып, ғылыми сұхбат өтті.