Халықаралық «Әл-Мұстафа» университетінің ғалымы дәріс оқыды — ҚазҰУ

Халықаралық «Әл-Мұстафа» университетінің ғалымы дәріс оқыды

9 қараша 2026
Халықаралық «Әл-Мұстафа» университетінің ғалымы дәріс оқыды

2026 жылғы 9 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұйымдастыруымен бас кеңсесі Иранның Құм қаласында орналасқан Халықаралық «Әл-Мұстафа» университетінің доценті, доктор Азариян Реза Мохаммад Али дәріс оқыды. 
Іс-шараға Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының мәдени істер жөніндегі атташесі Садеги Мухаммед Масуд, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманалиева,  оқытушы-профессорлар, студенттер мен магистранттар қатысты. 
Ғалымның дәрісі ислам философиялық дәстүріндегі танымның табиғаты, білімнің қалыптасу жолдары және ақиқатқа жетудің философиялық негіздеріне арналды. Тақырып аясында сезімдік қабылдау мен рационалдық танымның ерекшеліктері, ақыл-ойдың таным үдерісіндегі қызметі, танушы субъект пен танылатын объект арасындағы байланыс мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ ислам ойшылдарының таным туралы көзқарастары негізінде ақыл, тәжірибе және интеллектуалдық пайымдаудың өзара қатынасына мән берілді.
Мұндай академиялық кездесулер студенттердің ғылыми дүниетанымын кеңейтуге, сыни ойлау қабілетін дамытуға және зерттеушілік қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Ғылыми кездесу Қазақстан мен Иран арасындағы академиялық және мәдени байланыстарды нығайтуға, ғылыми тәжірибе алмасуға, ислам философиясы мен әл-Фарабидің зияткерлік мұрасын терең зерделеуге бағытталған маңызды іс-шара болды.