ҚазҰҰ-да «AІ-Sana Startup Challenge 2026» студенттік байқауы өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттік стартап-жобалардың «AI-Sana Startup Challenge 2026» байқауы ұйымдастырылды. Іс-шара KazLAE орталығында «Digital Qazaqstan Day – 2026» және «AI-Sana» бағдарламасы аясында өтті. Байқауды ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті ұйымдастырды.
Байқаудың басты мақсаты – жасанды интеллект саласындағы жастар бастамаларын қолдау, технологиялық кәсіпкерлікті дамыту және жоғары оқу орны мен IT-индустрия арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Оған қатысқан 50 студенттік команда білім беру, денсаулық сақтау, киберқауіпсіздік, Smart City, экология, сондай-ақ қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға арналған сервистер бағытындағы инновациялық жобаларын таныстырды.
Байқаудың ашылуында ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің деканы Тимур Иманқұлов құттықтау сөз сөйлеп, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытудың стратегиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, еліміздің технологиялық болашағын бүгінгі студенттер қалыптастырады. «Факультетіміздің басты мақсаты – студенттерге білім беріп қана қоймай, оны нақты іске, дайын өнімге айналдыруды үйрету. Идеядан жобаға, жобадан стартапқа, ал стартаптан нарыққа шығу оңай емес. Дегенмен дәл осы үдерісте білікті инженер, кәсіпкер және көшбасшы қалыптасады», – деді декан. Сондай-ақ ол өз әзірлемелерін көпшілік алдында қорғауға тәуекел еткен әрбір команданың еңбегі бағалауға лайық екенін атап өтті. Қазылар алқасының сұрақтарын жобаны жетілдіруге мүмкіндік беретін тәжірибе ретінде қабылдауға шақырды.
Байқаудың питч-сессиясы белгіленген регламент бойынша өтті. Әр командаға өз жобасын таныстыруға бес минут, ал сарапшылардың сұрақтарына жауап беруге екі минут уақыт берілді. Қорғау нәтижесінде қазылар алқасы үздік жобаларды анықтады.
Бірінші орынды Ақпараттық жүйелер кафедрасының QolTil командасы иеленді. Екінші орын Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының Qarqyn командасына «Qoyma Twin» жобасы үшін берілді. Үшінші орын осы кафедраның Alfa командасына «ZhanAI» жобасы үшін бұйырды.
Арнайы номинациялар бойынша «Үздік техникалық шешім» марапатына медицина және денсаулық сақтау факультетінің Team AKIMA командасы ие болды. «Үздік питч» номинациясы Биотехнология кафедрасының LabSeekers командасына, ал «Әлеуметтік маңызы бар жоба» марапаты Ақпараттық жүйелер кафедрасының Bilgir командасына табысталды.
«AI-Sana Startup Challenge 2026» байқауының жеңімпаздарын ресми марапаттау рәсімі алдағы «FARABI AI & INNOVATION FORUM 2026: Идеядан – инновацияға» форумында өтеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар