Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың
"Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген мақаласы
Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы қарсаңында өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайы елдің көкейінде жүрген толғақты мәселелер көтерілген, қазақ тілінің кешегісі мен бүгінін, болашағы мен даму бағдарын сабақтастырған келелі жиын болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда сөйлеген сөзінде тіл мәселесінің мемлекеттік, саяси, ұлттық маңызы бар тақырып екенін айта келіп, қазақ тілінің қоғамдық қызметін кеңейтуге, ғылыми негіздерін нығайтуға, цифрлық кеңістіктегі әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды міндеттерді нақтылады.
Құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент ұйымның Егемен ел тарихындағы орнын, тарихи маңызын көрсете келіп, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына жүктелетін міндеттерді нақтылады. Бүгінде қазақ тілінің ғылым мен білімдегі, мемлекеттік басқару мен қоғамдық коммуникациядағы, цифрлық технология мен халықаралық байланыстағы қызметін жаңа сапалық деңгейге көтеру қажет болып отыр. Осыған байланысты Президент қазақ тілінің ғылыми, технологиялық, халықаралық әлеуетін күшейтуге бағытталған жаңа міндеттерді белгіледі. Бұл тұрғыдан алғанда, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайы қазақ тілінің даму тарихындағы сабақтастықты айқын көрсеткен маңызды жиын болды. Құрылтайда көтерілген мәселелерді қазақ тілінің заман талабына сай дамуына бағытталған стратегиялық бағдар ретінде бағалауға болады.
Президент Тәуелсіздік бәрінен қымбат асыл дүние екенін ескерте келіп, қазақ тілін Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде бағалады. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі ұлтымыздың негізгі құжатында – Конституциямызда айқын көрсетілгенін атап өтті.
Құрылтайда қазақ тілінің қоғамдық қызметіндегі оң өзгерістер де аталды. Яғни балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде тәлім-тәрбие алып жатқанын, биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданғанын, колледждер мен университеттерде қазақ бөлімдерінің саны көбейгенін, қазақ тіліндегі кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түскенін, мысалы, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылғанын, биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шыққанын тілге тиек етті. Сонымен қатар қазақ тілі озық технологиялар саласына еніп, заман талабына сай дамып келе жатқанын, елімізде түрлі цифрлық платформалар өнімді жұмыс істеп жатқанын, Open.AI компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес қазақ тілі кейінгі үш жылда жасанды интеллект жүйесіндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кіргенін, Google компаниясы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізгенін де атап өтті. Мемлекет басшысы келтірген дәйектер – қазақ тіліне деген сұраныстың артып келе жатқанының белгісі.
Президент қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтау қажет екенін ескерте келіп, мұрағаттағы, кітапханалардағы қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, мұрағат (архив), мұражай (музей) қорларын цифрлық форматқа көшіру ісін қайта жандандыру қажет екенін айтты. Бұл мұрағат, мұражай қорындағы, сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы құнды мұраларды сақтау, көпшілікке қолжетімді ету, бүлінуден сақтап қалуға бағытталған игілікті шара болмақ. Себебі мұрағат қорындағы, сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы бірқатар жәдігердің беттері сарғайып, жазулары көмескіленіп бара жатқаны шындық. Жасанды интеллект жүйелері, автоматты аударма, мәтінді тану, сөйлеуді өңдеу, ақпарат іздеу, электрондық білім платформалары тілдің цифрлық ресурстарына сүйенеді. Сондықтан қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі болашағы тілдік деректердің сапасына, құрылымына, ғылыми өңделу деңгейіне де байланыс-ты. Бұл бағыттағы жұмыс қазақ тілінің ұлттық корпусын жетілдіруге, сапалы электрондық сөздіктер жасауға, автоматты аударма жүйелерінің дәлдігін арттыруға, қазақ тіліндегі жасанды интеллект технологияларын дамытуға жол ашады. Қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтау ұлттық танымның тілдік көріністерін жаңа технологиялық кеңістікте сақтап, қайта өндіруге мүмкіндік береді.
Х құрылтайда қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі қызметі туралы да сөз болып, инженерия, медицина, құқық, экономика, ақпараттық технология, т.с.с. салаларды қазақ тілінде меңгеруге қолайлы жағдай жасау қажеттігі, ол үшін оқулық, терминологиялық сөздік, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру қажеттігі айтылды. Бұл ретте Президент ғалымдарға, жоғары оқу орындарына үлкен міндет жүктеп отыр. Қ.Тоқаевтың «Ғылым дамыса, қазақ тілі де ғылым мен өндірістің тілі болмақ» деген тұжырымы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы сынды Алаш зиялыларының ұстанымдарымен сабақтас. Мемлекет басшысының ұстанымы ұлттық ғылым тілінің, ұлттық ғылыми дискурстың дамуына ерекше серпін берері сөзсіз.
Президент Жоғарғы Кеңес Президиумының жарлығымен ресми түрде бекітілген «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» 1983 жылы, яғни кеңес заманында шыққанын, одан кейін бірнеше сөздік жарық көргенімен, ешқайсысының мемлекеттік деңгейде бекітілмегенін, заңды күші жоқтығын ескерте келіп, барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңарту қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы кейінгі кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздері жиі қолданылып жүргенін де тілге тиек етті. Расында, «ауызашар» деген сөзіміздің орнына «ифтар», «сәресі» деген сөздің орнына «сухур», «дәрет» сөзінің орнына «тахарат» атаулары қолданылып, таң намазы «фажр», бесін намазы «зухр», екінті намазы «аср» аталып, қазақша қалыптасқан атаулардың орнына араб тіліндегі нұсқалары қолданылып жүргені жасырын емес. Алаш зиялылары шеттілдік сөзді қазақ тіліне сол күйінше енгізе бермей, алдымен қазақ тілінен не түркі тілдерінен балама табу керектігін, балама табылмаған жағдайда тіліміздің дыбыстық заңдылықтарын негізге ала отырып, шет сөзді алған: Аллаһ – Алла, сухур – сәресі, тахарат – дәрет, т.с.с. Яғни бұл ретте Президентіміз Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы сынды зиялылардың ұстанымдарын басшылыққа алғаны байқалады.
ХХ ғасырда қазақ зиялылары қазақ тілінен балама табылмаған жағдайда шеттілдік атаулардың орнына қазақтың төл сөзіндей болып кеткен ғылым, білім, ғылым, ғалам, кітап, дәптер, қалам, мектеп, шәкірт, мәдениет, әдебиет, т.с.с. араб-парсы сөздерін қолданған. Сол кезеңде енген атаулардың бірқатары әлі де қолданыста. Алайда қазақ тілінен баламасы ұсынылса да, сәтсіз атаулар қолданыстан шығып қалып отырған. Президентіміз сол кезеңдегі ұстанымдарды негізге ала отырып, тұжырымдама, қағидат, жоспар, сыйақы, шәкіртақы, еңбек өтілі, кешенді, әмбебап, жүйелі, тыңайтқыш, жанармай, көгалдандыру, босқын, қырғи-қабақ соғыс, қоқан-лоқы, лаңкестік, есірткі, бітімгерлік күштер, мәмілегер, ғарыш, зымыран, жаһан, ғаламтор, тікұшақ, жасанды сана, пайыз, сынып сияқты сөздерді тілімізде қазақ тілінің ішкі мүмкіндіктері арқылы қалыптасып, кең қолданыс тапқан, сәтті атаулар ретінде бағалайды. Ал күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка) және тағы басқа сөздердің семантикалық уәжділігін, терминологиялық дәлдігін, қолданысқа қолайлылығын, тілдік тәжірибеде орнығуын, т.б. негізге ала отырып, сәтсіз атаулар ретінде атайды. Бұл орайда Президент қазақ әдеби тілінің қалыптасқан нормаларын сақтау, тілдік құралдарды мағынасына сай орынды қолдану, қажетсіз шеттілдік элементтерге орынсыз әуестенбеу, қолданыс бірізділігін сақтау, тілдің табиғи даму заңдылықтарын ескеру қағидаттарын негізге алған. Тілдің ғылым, білім, технология тілі ретінде орнығуы үшін оның терминологиялық жүйесі, әдеби нормалары, ғылыми стилі, лексикографиялық базасы, цифрлық ресурсы біртұтас ғылыми негізде дамытылуы қажет. Сондықтан
Х құрылтайда көтерілген мәселелердің ғылыми-лингвистикалық маңызы да ерекше.
Басқа жаңалықтар