Салауаттық– өмір негізі

7 қараша, 2016

Халықаралық қатынастар  факультетінде «Салауатты дене мәдениеті» жобасы аясында «Салауаттық– өмір негізі» атты флешмоб өтті

 

Іс-шараға халықаралық қатынастар факультетінің деканы, профессор К.Н.Шакиров, ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі деканның орынбасары Л.Ф.Деловарова,  дипломатиялық аударма кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д. Ұ.Е.Мұсабекова, дипломатиялық аударма кафедрасының  оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.Т.Джамалдинова, ф.ғ.к., доцент С.Б.Бөрібаева және халықаралық қатынастар факультетінің 1-курс студенттері қатысты.

Студенттердің салауаттық өмір салтына көңіл бөлуі, салауаттық туралы оң көзқарас қалыптастыру, салауаттық өмір салтын насихаттау – осы іс-шараның басты мақсаты болып табылды.

Қатысушыларға халықаралық құқық 72-тобының 1-курс студенттері, Семыкина Диана –«Салауатты өмір салты- өмір негізі» баяндама-презентациясын көрсетіп,  адам денсаулығына зиян тигізетін  – темекі, алкоголь және есірткінің зияны жөнінде көптеген деректер келтірді. Тлеулина Мадия  «Салауаттық–өмір негізі» баяндама-презентациясында салауатты өмір салтын қалай ұстану керек, оның маңызды шарттары жөнінде құнды ақпараттармен бөлісті. Осы топтың студенттері Рахматулла Қайрат, Цой Ирина, Сали Аружандардың алдын ала  өз күштерімен түсіріп, дайындап әкелген бейнебаяндары бәрінің көңілінен шықты. Бейнебаянның авторлары темекі, алкоголь және есірткінің зияндығынан зардап шеккен адамдардың қорқынышты суреттерін көрсетті. Сондай-ақ бейнебаяннан  студенттердің әлеуметтік сауалнама жүргізгенін көруге болады. ҚазҰУ маңайында өтіп бара жатқан әртүрлі жастағы адамдардан, студенттерден  қазақ, орыс және ағылшын тілінде сұхбат алған. Темекі, алкоголь және есірткіге қарсы наразылықтарын халықаралық құқық 72-тобының студенттері өздері дайындаған плакаттар және әртүрлі тыйым салынған  белгілер арқылы білдірді.

Өзекті тақырып туралы пікір білдірген студенттер

Рахматулла Қайрат:

«Менің ойымша, қазіргі таңда ең өзекті және талқыланатын тақырып болып табылады. Мені қуантатыны, қазіргі кезде біздің қоғамда күннен күнге салауатты өмір салтын ұстануға көп көңіл бөлінеді.Біздің  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да спортпен шұғылдануға жастарға керемет жағдайлар жасалған. Мысалы,  үлкен спорт кешеніміз, жақында ашылған Д.Баландин атындағы бассейн. Біздің елімізге дені сау, белсенді азаматтар қажет, жастар арасында темекі, алкоголь және есірткінінің тарауы – біздің қоғам өмірі, мемлекет өмірі  үшін үлкен мәселе. Түрлі әдістерді көптеген адамдар қолданып, салауатты өмір салтын ұстану үшін күресуде, олар  осы тақырыпта мысалы,  акциялар, мәдени іс-шаралар немесе флешмобтар өткізеді.Осындай адамдардың саны біршама өсуде. Салауатты өмір салты дегеніміз – біріншіден, дұрыс тамақтану, күн тәртібін дұрыс пайдалану, спортпен шұғылдану. Әрбір адамның сау, сергек, жігерлі және белсенді болуы өзі үшін  жақсы жағдай екендігін түсіне білуі керек. Салауатты өмір салты  – денсаулықтың және табыстың кепілі».

Ахмедиева Надиранури: «Денсаулық – адамның ең үлкен байлығы екендігін барлығымыз жақсы білеміз. Адам қоршаған әлеммен және өзімен өзі үйлесімділікте өмір сүрсе, сүйікті ісімен айналысса, қоғам үшін өзінің пайдасы бар екенін сезінсе, ол өзін алкогольмен, есірткімен уламайды,  өз өкпесін күнделікті темекінің түтінімен толтырмайды –  міне, осы бақыт. Ең маңыздысы, спортпен шұғылданудың қажет екендігін ұғып, жас ұрпақ салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылады.  Әр адам – салауатты өмір салты– бұл табыс, оның жеке жемісі деп ұғынуы қажет».   

Спорттық заманауи билерімен Темирханова Мадина мен  Келгенбаев Қуаныш көпшілікті таңғалдырды. Іс-шараны халықаралық қатынастар факультетінің деканы, профессор К.Н.Шакиров және дипломатиялық аударма кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д. Ұ.Е.Мұсабекова қорытындылап,  осы іс-шараны ұйымдастырған оқытушылар мен студенттерге алғыстарын білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі.

 

Халықаралық қатынастар факультеті

дипломатиялық аударма кафедрасының ф.ғ.к., доцент С.Б.Бөрібаева