«Ғылым көшбасшысы – 2016» халықаралық тәуелсіз сыйлығының иегерлері анықталды

22 қараша, 2016

Жуырда ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ мен Thomson Reuters компаниясының ұйытқы болуымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ғылым және инновация – экономикалық дамудың негізі» деген тақырыпта халықаралық форум өтті.  Оның жұмысына қатысқан АҚШ-тың Thomson Reuters компаниясының ғылыми зерттеулер және зияткерлік меншік бөлімшесінің жаһандық сатылымдар жөніндегі директоры Виджи Кришнан Қазақстан ғалымдарының әлемдік ғылыми үрдіске сәтті ілесіп, Орталық Азия елдері арасында көшбастап келе жатқанындығын атап өтті.

Форум барысында әлемдегі ғылыми үрдістер, ғылыми ынтымақтастық пен инновациялық жаңалықтар кеңінен талқыланып, «Ғылым көшбасшысы – 2016» халықаралық тәуелсіз сыйлығының иегерлері анықталды. Отандық ғалымдардың Web of Science (Thomson Reuters) ресурсында жарияланған ғылыми еңбектері үш аталым бойынша жіктеліп бағаланды. Солардың бірі  «2008-2015 жылдары ғылыми еңбектері жоғары сілтемеге ие болған Қазақстанның жас ғалымдары» номинациясы бойынша  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғалымдары Мерлан Досболаев, Болат Оралбеков үздік болып танылып марапатталды.