Жоғары стандарттар

6 желтоқсан, 2016

Жоғары стандарттар

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сапа менеджменті жүйесінің халықаралық  ISO 9001:2008 стандарттар талаптарына сәйкестігі бойынша сыртқы бақылау аудитінен өтті.  

Халықаралық TQCS International PTY Ltd. сертификациялау компаниясының сарапшылары: Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департаменттің ғылым және баспалық белсенділік басқармасында, Ғылыми кадрларды дайындау және аттестаттау басқармасында; Әкімшілік департаменттің құқықтық жұмыс басқармасында, Адам ресурстарын басқару және мұрағат басқармасында; Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің әдістемелік жұмыс басқармасында, Оқу үдерісін жоспарлау және қамтамасыз ету  басқармасында; Аккредитациялау және оқу бағдарламасының сапасын бақылау орталығында; әл-Фараби кітапханасында; Жағдаяттық басқару орталығында; шығыстану фаультеті  мен заң факультетінде  аудит жүргізді.

Сыртқы аудит барысында оқыту процесінің  әр деңгейі бойынша ұйымдастырылуы, оқу процесінің ғылыми-методикалық қамтамасыз етілуі, білім алушылардың кәсіби және өндірістік практикалардан өтуі, ақпараттық ресурстар мен кітапханалық фонд, қызмет көрсету сапасын бақылау деңгейі, процестер бойынша мониторинг жүргізу және білім алушылардың білімін бағалау  жұмыстары тексерілді.

TQCSI  сарапшылары ҚазҰУ басқару жүйесінің халықаралық стандарттар талаптарына сәйкестігін қорытындылады және сәйкессіздіктер мен ескертулер болған жоқтығын айта кетті. Сыртқы аудиторлар университет қызметінің мықты тұстары ретінде: ҚазҰУ-дың ғылыми потенциалы, ғылыми орталықтардың қызмет көрсетуінің кең көлемділігі, университеттің құрылымдық бөлімдері жұмыстарының тиімді ұйымдастырылуы, кітапхананың жабдықталу деңгейінің жоғарылығы, процестік менеджменттің нәтижелігі мен нәтижеге бағытталған басқарудың сәттілігін атап көрсетті.