ҚазҰУ туы Антарктида шыңына тігілді

17 қаңтар, 2017

Ғылыми қызметкер Әлия Ерназарова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ туын Антарктидадағы Union Glacier бекеті маңындағы тау шыңына тікті.

2016 жылдың 16 желтоқсан күні «Тәуелсіздік Полюсі» шаңғы экспедициясының құрамында болған ғылыми қызметкер Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ туын Антарктидадағы Union Glacier бекеті маңындағы тау шыңына тікті. 

Әлия Ерназарова мамандығы бойынша микробиолог. Ол ҚазҰУ-ға қарасты экология мәселелері ғылыми-зерттеу институтында директордың ғылыми орынбасары болып қызмет атқарады. Ерназарованың айтуынша, Антарктида биологтардың ғана емес, әлем ғалымдарының қызығушылығын тудырса керек.

«Ғылыми зерттеулер үшін бұл тамаша база. Аталмыш орын ластанудан аулақ және ылғи бірқалыпты төмен температура деңгейін сақтап тұрады. Біздің міндетіміз микрофлораны зерттеп, микроорганизмдер мен олардың қасиеттерін анықтау. Мәселен, экстремальді төмен температураларда тірішілік ету мүмкіндігін қарастыру сияқты», - дейді Әлия Ерназарова.

Әлия Ерназарова экспедиция аясында ғылыми зерттеу жүргізіп ғана қоймай, бірлесіп жобалар өткізу үшін Ұлыбритания, АҚШ, Австралия, Канада елдерінің ғалымдарымен байланыс орнатып үлгерген. Қазіргі таңда Антарктидада Қазақстанның ғылыми базасын ашу мүмкіндіктері жайында Америка географтар ассоциациясымен және Халықаралық бірлестіктегі елдермен келіссөз жүргіліп жатыр.

Баспасөз қызметі