ҚазҰУ-да Елбасы жолдауына арналған семинар өтті

3 ақпан, 2017

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылау мақсатында ғылыми семинар өтті. Шараны ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебі ұйымдастырды.

Университеттің жетекші экономист ғалымдары, оқытушы-профессорлық құрамы, докторанттар мен магистранттар және сарапшылар баяндама оқып, инновациялық экономиканың қарқынды даму факторлары мен технологиялық жаңарудың маңызды мәселелерін талқылады. Семинар қатысушылары Қазақстанның ұлттық экономикасының   ғылымды қажет ететін талаптарға ауысуының дайындық жағдайына, жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің маңызды артықшылығы ретінде логистикалық инфрақұрылымның даму шарттарына талдау жасады. Бизнес ортаны жақсарту мен жаппай кәсіпкерлікті қолдау мәселелерінің шешу жолдарын қарастырды.

Шара барысында ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебі деканы Баян Жүндібайқызы: «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жолдауда көрсетілген негізгі міндеттің бірі ретінде адами капиталдың сапасын арттыру жұмыстарын белсенді жүргізуде. ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Инновациялық кәсіпкерлік Орталығы», «Биржалық трейдер», сертификатталған бухгалтерлер мен жоба менеджерлерін дайындайтын орталықтар тиімді жұмыс істеп жатыр», - деп атап өтті.

Семинар қатысушылары мемлекетте инвестиция тарту жұмыстарын арттыру және іскерлік орта қалыптастыру қажеттілігі жөнінде бірауыздан ортақ пікірге келді. ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің профессоры Аида Айтмембетова өз сөзінде «Шикізат ресурстарын қайта өңдеуді жалғастырып, қалыптастыруда салыстырмалы артықшылықатары бар экономика саласын дамыту үшін ұзақ мерзімді келешектегі экономикалық саясаттың басты міндеті бәсекеге қабілетті, тұрақты, теңдестірілген құрылымды экономика құру болып табылады. Жоғары технологиялық және өңдеуші саланы озық қарқынмен дамыту үшін ресурс үнемдейтін және инновациялық факторлады күшейту керек», - деп айта кетті.

ҚазҰУ профессоры, экономика ғылымдарының докторы Римма Сағиева аймақтарда инновацияның біркелкі дамымауына, сондай-ақ, біртұтас инновациялық жүйедегі тапшылықтарға қарамастан, еліміз бәсекеге қабілетті артықшылықтарға ие деп атап өтті. «Экономика білімі бойынша әлем елдері ішінде Қазақстанның алар орны айтарлықтай. Республика халқының көбі орта, кәсіби және жоғары білімді. Сонымен қатар, қазіргі таңда үштілді білім беруді дамытуды көздеп отырмыз, ғылыми сектордың еңбек өнімділігі жыл сайын артып келеді. ИИДМБ-2 білім беру бағдарламасына сай ғылыми кадрлар мен мамандар дайындау бойынша мемлекеттік бағдарлама жүзеге асуда. Цифрлы индустрия элементтері белсенді дамып жатыр (электронды басқару, электронды банкинг, интернет-сауда және тағы басқалары)», - деді профессор Сағиева.

ҚазҰУ ұжымы үшін Мемлекет басшысының экономика дамуына бағытталған жаңа Жолдауы ғылым мен білім беру қызметін жүзеге асыруда жетекші рөлге ие. ҚазҰУ жаңа білім мен инновацияның, ғылым интеграциясы және өндіріс пен білім берудің ірі орталығы ретінде ҚР Президенті Н.Назарбаев алға қойған «Бес институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асырудың негізгі тапсырмаларын белсенді орындауда.

Адам капиталының сапасын арттыру мақсатында университет білім беру бағдарламаларын халықаралық талаптарға сай жетілдірді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұлттық платформаға жаппай ашық онлайн курстарын енгізу бастамасын көтеріп, оған Қазақстанның 15-тен астам ЖОО-ы қосылды. Оқу орны сандық технологиялар қолданылған жаңа идеяларды ойлап тауып, өмірге ендіруде. ҚазҰУ-да заманауи университет құруға негізделген «Al-Farabi university - smart city» бірегей ғылыми-инновациялық жобасы жүзеге асырылуда. Аты әлемге әйгілі «Hewlett-Packard», «Microsoft», «Cisco», «Konika Minolta», «Fujitsu», «Samsung», «Касперский зертханасы» және тағы басқа компаниялардың орталықтары мен зертханалары ашылып, жемісті жұмыс істеп келеді.