ҚазҰУ-ға Гонконг политехникалық университетінің өкілдері келді

1 наурыз, 2017

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев Гонконг политехникалық университетінің өкілдерімен кездесті.

Кездесу аясында халықаралық жазғы мектеп ұйымдастыру, ғылыми ынтымақтастық, қашықтықтан білім алу, студенттердің зерттеу жұмыстарын жүргізу жобалары талқыланды. Сондай-ақ, Hong Kong Polytechnic университетінің бірлесіп зерттеулер жүргізу туралы сызбасы ұсынылды.

Шараға Гонконг делегациясынан Belt and Road Liaison Unit өкілетті жетекшісі Ms Carmen Ng, Belt and Road Liaison Unit менеджері Dr Justina Yung және ҚазҰУ MDP бағдарламасының директоры Рафис Абазов, филология және әлем тілдері факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы, экономика және бизнес Жоғары мектебінің Баян Ермекбаева, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Виталий Сальников, халықаралық қатынастар факультетінің деканы, Карімжан Шәкіров, филология факультеінің ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыс деканының орынбасары Кенжетай Күркебаев, экономика факультетінің ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыс деканының орынбасары Жанат Казбекова, халықаралық қатынастар факультетінің ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыс деканының орынбасары Думан Жекенов қатысып, ғылыми-инновациялық қызмет турасында бірлесіп атқаратын іс-шараларды ойластырып, талқыға салды.  Сонымен бірге, Belt and Road Liaison Unit менеджері Dr Justina Yung ғылыми-инновациялық қызметте географиялық және экономикалық аспектілердің маңыздылығына тоқталып кетті.

Кездесу барысында зерттеу, ғылыми қызметі мен қос дипломдық білім беру жүйесі қарастырылды. Бұл мәселелер туралы университеттің бірінші проректоры М.Бүркітбаев өз сөзінде тілге тиек етті. Проректор «Гонконг университеттерінде атқарылып жатқан жұмыстарды бізге де тәжірибеден өткізіп көруге болады. Өйткені, бұл біздің қарқынды дамуымызға септігін тигізеді», - деді.  Проректор білім мен біліктілікті бағамдап, Қазақстанның жетекші оқу орны ретінде зейін қойып, Қытай елінің ғылыми үрдісінен үйренеріміздің көптігін атап өтті. Оның айтуынша, аталмыш мақсатта тәжірибе алмасудың ұтымдылығы жоғары. Осы тұрғыда Belt and Road Liaison Unit менеджері Dr Justina Yung Гонконг пен ҚазҰУ академиялық алмасу бағдарламасына сәйкесінше қызмет жүргізуге қарсы еместігін білдірді. Менеджер хабарламасында айтып өткендей, келіссөздер барысында студенттердің халықаралық қатынастар, тіл білімі, табиғатты пайдалану бағыттары бойынша Гонконгта білім алуына  зор мүмкіндік берілмек. Сондай-ақ, арнайы шәкіртақы бөлінуі де ықтимал. Атап өту керек, Гонконг университтері білім беру үдерісінде көшбасшылық танытып келеді.

Баспасөз қызметі