ОАР елшісі ҚазҰУ-да болды

3 наурыз, 2017

Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Тәжікстан  республикаларындағы елшісі  Кийтуметци Сейпело Сандека Мэттьюс ҚазҰУ-ға арнайы іссапармен келді.

Бүгінде ҚазҰУ әлемдік білім кеңістігіндегі халықаралық байланыстарын жан-жақты дамытуда. Олардың арасында Оңтүстік Африка мемлекетінің үздік оқу орындары да бар. Бір айта кетерлігі, БҰҰ қарары бойынша, жыл сайын 18 шілде күні саяси күрескер, Африка көсемі «Нельсон Манделаның халықаралық күні» атап өтіледі. Орнатылған байланыстар арқасында  екі жыл бұрын университеттің философия және саясаттану факультетінде Н. Мандела атындағы аудитория ашылған. Кездесуде ректор атап өткендей, университет академиялық ұтқырлық, тәжірибе алмасу және ОАР-дың үздік университеттерімен достық қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға ниетті. Ғалымдардың пікірі бойынша, Оңтүстік Африкада ҚазҰУ орталығын ашу арқылы білім және ғылым бағытындағы байланыстарды дамытып нығайтудың мол мүмкіндігі туады.

Өз кезегінде елші Кийтуметци Сейпело Сандека Мэттьюс ханым университет басшылығына өз ризашылығын білдіріп, екі ЖОО арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың бірсыпыра жолдарын атап өтті. Қазіргі таңда ОАР-дың білім беру министрлігі астрономия саласын дамытуға үлкен мән беріп, осы бағыттағы жобаларды қолдайтындығын жеткізді. Сондай-ақ, елші ханым ҚазҰУ-дың дипломатиялық жастар орталығында елшілік сағат аясында оқытушылар мен студенттерге дәріс оқыды.