«Араб тілі» апталығы басталды

30 наурыз, 2017

Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасында «Араб тілі» апталығы басталды.

Апталықты факультет деканы Б.Н. Жұбатова мен Алматыдағы Египет Араб республикасының мәдени орталығының директоры доктор Хамдан Ибрахим құтттықтау сөзбен ашып, мысырлық ғалым Айман Абдел Адидың «Андалусиядағы ислам» тақырыбындағы дәрісі тыңдалды. Апталыққа қатысушылар мен қонақтар Мысыр тарихынан сыр шертетін көркем көрме нұсқаларымен танысып, тамашалады. Апталықтың екінші күнінде Нұр-Мубарак университетінің профессоры, мысырлық ғалым, араб елдері тарихының білгірі, доктор Ахмад Али «Мәмлүктер тарихы» тақырыбында дәріс оқыды. Араб бөлімінің студенттері мәмлүктерге қатысты тарих қойнауында шет қалған тың деректермен танысып, болашақ зерттеу жұмыстарына қажет дереккөздеріне жол табылғанына қуанды. Дәрістен кейін араб киноматографиясының үздік шығармаларының бірімен танысып, фильм тамашалады.

Сондай-ақ араб елдерінің тарихы, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты қызықты дәрістер оқылады және «Шығыстану» мамандығы бойынша Республикалық пәндік олимпиада өтеді.

30 наурызда араб елдерінің ұлттық тағамдары, ұлттық киімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, араб өнері бойынша сайыс өткізіледі. Өнер бәйгесіне араб бөлімінің студенттері қатысып, араб ән–биі, мақал-мәтелдерінің жарысын өткізеді.

31 наурызда араб тіліндегі «Шешендік өнер» және араб грамматикасының негіздері бойынша студенттер арасында білім байқауы өтеді. Жеңімпаздарға  Мысыр мәдени орталығының директоры доктор Хамдан Ибрахим мен кафедрадағы араб ғалымы, доктор Абулфутухтың арнайы сыйлықтары бар.

Араб әлемінің тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүріне қызығатындар болса, есігіміз ашық.

Араб апталығына келіңіздер, көріңіздер!