Математиктердің олимпиадасы
Жақында ҚазҰУ-да қазіргі заманауи күрделі есептерін жоғары өнімді компьютерлік кластерлерде есептеуді дәріптеу мақсатында студенттер арасында Параллельді программалау бойынша жылдық IV олимпиада өтті.
Осы жылы 24 және 25 наурызда өткен олимпиаданың бір ерекшелігі – студенттер есептерді жаңадан шыққан 64 ядролы Intel Knights Landing процессоры орнатылған компьютерде орындады. Студенттер күрделі компьютерлік заманауи бағдарламаларды Fortran, C++ тілдерінде OpenMP және MPI модульдерін қолданып жазды. Олимпиадаға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Алматы технологиялық университеті, Сулейман Демирель атындағы университетінен келген 24 студент қатысты.
Студенттер орындаған есептерді тексерген Олимпиаданың комиссия мүшелері келесі жүлделі орынды тағайындады: I орын – Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті студенттері Андрей Ким және Роман Чесноковқа берілді; II орынды – ҚазҰУ студенттері Султан Алпар және Мирас Қайполдаев жеңіп алды; III орынға – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері Бахтияр Алыбеков, Мадина Тусупова, Али Жусупов, Ануар Турганбеков және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенттері Данияр Мұхтарханұлы мен Елдан Абрашим ие болды.
Ең бастысы, осындай түрде өткен олимпиада студенттердің ғылымға деген қызығушылығын арттырып, жоғары өнімді суперкомпьютерлерді қолданып дүниедегі күрделі есептеу физикасының және қолданбалы математика есептерін шешуге талпындырады.
Өткен олимпиада туралы толығырақ ақпарат http://parallel.kz сайтында жарияланған.