Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасында араб елдерінің ұлттық тағамы мен араб өнеріне арналған сайыс өтті. Айтулы шара «Араб тілі» апталығы аясында ұйымдастырылды.
Өнер бәйгесінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың араб бөлімінің студенттері араб ән-биін орындап, сайыс барысында мақал-мәтелдер бойынша білім жарыстырды. ҚазҰУ студенттері араб тілінде шағын спектакль көрсетсе, ҚазҰПУ студенттері қуыршақ театрын қойып, Абай атамыздың 40-қара сөзінің арабша аудармасын жатқа оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Алматыдағы Египет Араб республикасы мәдени орталығының директоры, доктор Хамдан Ибрахим студенттердің шет тілін меңгеру деңгейін жоғары бағалап, қаржылай сыйлықпен марапаттады.
Сонымен қатар, ҚазҰУ студенттері Араб ұлттық тағамдарының көрмесін ұйымдастырды. Маклубе, кушари, фәләфил, басбуса, кабуса, қатаиб, фытр сынды араб елінің дәмі мен сәні үйлескен тағамдары үстелдің көркін келтірді. Хамдан Ибрахим мен кафедрадағы мысырлық ғалым Юнус Абулфутух арулардың аспаздық өнеріне оң бағасын беріп, ризашылықтарын да жасырмады.
«Араб тілі» апталығының бұл күні ерекше көңіл-күй сыйлап, қызыққа толы болды.
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы