ҚазҰУ-дың бас мұражайын тамашалауға таптырмас сәт туды. Әл-Фараби мұражайы ниет танытып, тілек білдіргендердің барлығына күн ұясына батқанда есігін айқара ашты.
Айтулы шара мұражай мен жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының бірлесуімен университет қабырғасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мұражай түні студенттер мен олардың ата-аналарына оқу орнының құнды жәдігерлері, бағалы заттарымен қатар жалпы жеткен жетістіктерімен танысуға теңдессіз мүмкіндік берді. Мұражай қызметкерлері Ардақ Жабықпаева, Базаркүл Әміржанова, Әсия Далибаева университеттің ерекше естеліктерімен таныстырып, тарих қойнауынан сыр шертті. Өз сөзінде Ардақ Жабықпаева: «ҚазҰУ мұражайының жұмысы халқымыздың бай мәдени, рухани мұрасын сақтау мен насихаттауды негізге алып, білім мен ғылым саласында жеткен жетістіктерін дәріптеуге бағытталған. Жастардың бойына ұлттық болмысты сіңіріп өсіру әрбіреуімізге жүктелген міндет деп білеміз. Осы тұрғыда өздері білім алып отырған қарашаңырақтың түпқазығына тереңнен үңілуі үшін аталмыш шараны ұйымдастырып отырмыз», – деп атап өтті.
Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Мәдиева әлемдік тәжірибедегі мұражай түнін өткізу үрдісіне тоқталып, студенттерге оқуда табыс тіледі.
Жиналған қауым ҚазҰУ-дың бүгінгі күнге дейінгі даму жолы, әлемдік деңгейдегі ірі мұражайлары жайлы бейнеролик тамашалады. Көрсетілген ақпараттар топтамасы негізінде танымдық ойындар мен интеллектуалды викториналар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, университет тыныс-тіршілігі, ұлттық университет есімін лайықты иеленіп жүрген Әбу Насыр әл-Фараби тағылымдамасынан ағылшын тілінде сұрақтар қойылып, үздік шыққандарға сыйлықтар тапсырылды. Білімгерлер көріп-тыңдап қана қоймай, оны ойын арқылы жадына сақтап алды. Мұны шараның ерекшелігі деп ескере кетпеске болмас.
Игі бастама «Al-Farabi university - smart city» интерактивті алаңында өтті. 3D-технология форматындағы жасалған жаңа экспозициялар мен Әл-Фараби мұралары сақталған әрбір орын көз сүйсіндіріп, көңілге жылу сыйлады.
ҚазҰУ мұражайына келген журналистика факультетінің студенті Ақерке Нұрбекова: «Университеттің «Құрметті профессорлары мен докторлары» атты фотогалерея, мұражай атриумындағы Шығыстың ғұлама ойшылы, екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің бай мұраларына, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, университеттің құрметті докторы және құрметті профессоры Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған кешен, факультеттер, ғылыми инновациялық зерттеу институттары және орталықтар туралы мәліметтер, заманауи білімнің әлемдік масштабын бейнелейтін «XXI ғасырдың Жер шары» атты композициялық қондырғы - біздің өткеніміз бен бүгініміздің айқын бейнесі іспетті», – деп өз пікірімен бөлісті.
Мұражай түнінде жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының оқытушылары Ақсәуле Кайбулдаева мен Төлеген Меркібаев ағылшын тілінде әсем ән орындап, кеш студенттер флешмобына ұласты. Білімгерлер білімін шыңдай түскен танымдық шара көпшілік көңілінен шығып, студенттер ризашылықтарын жасырмады.
Баспасөз қызметі
Баспасөз қызметі