Интеллектуалды мэйнстрим

4 сәуір, 2017

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың cаясаттану және саяси технологиялар кафедрасы мен Central Asia Policy Group аймақтық сараптама алаңы Фридрих Эберт қорының қолдауымен «Қазіргі таңдағы ортаазиялық зерттеулердегі “академизм” мәселесіне жаңа көзқарас» атты дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелге Орта Азияның белгілі саясаттанушылары атсалысып, әлемдік кеңістікте орталық-азия мемлекетттері саяси мектептерінің бірігу себебі мен орталық-азиялық саяси дискурстың дамуын талқылады. 

Алғашқы болып сөз алған философия және саясаттану факультетінің деканы, профессор Әлия Масалимова Орталық Азияда «ғылыми сәйкестік» қалыптастырудың өзектілігін атап өтті. «Бүгінде интеллектуалды алаң Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның түрлі ғылым саласындағы сарапшыларының басын біріктірді.  Шарада орталық-азиялық саяси дискурстың дамуына өзіндік үлес қосатын диалог жүргізілетіні көңіл қуантады» ,-деді Ә. Масалимова.

Дөңгелек үстелдің модераторы, Қауіп-қатерді бағалау тобының директоры Досым Сатпаев ғылыми зерттеулер мен жаңа күн тәртібін қалыптастыруда «академизмнің» маңыздылығын ашып айтты. «Сөзсіз, сарапшылармен ғалымдар ғылым мен білімдегі үрдістерге сүйеніп, әлемдік ғылыми-зерттеу мен инновациялық трендтерге қарай бағытталуы тиіс», - деді Д. Сатпаев.

Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Насимова академиялық зерттеуде жоғары оқу орындарының рөлі жайлы сөз қозғай отырып, пәндік білім беруден күрделі бағытқа көшу қажеттілігін атап өтті. Профессор өз сөзінде оқу орындарының ғылыми қабілетін нығайту мәселесіне кеңінен тоқтала кетті. Сондай-ақ, ол студенттерді ғылымға баулып, талапкерлердің саяси ғылымға деген қызығушылығын арттыру жайын тілге тиек етті.

Алматыдағы Фридрих Эберт қорының басшысы Толғанай Үмбеталиева дөңгелек үстел барысында Қазақстанда жаңа идеялар мен заманауи маңызды мәселелерді шешетін интеллектуалды алаң құру қажеттігі жайлы өз ойын білдірді. Шара аясында саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының жас ғалымдары, докторант Шұғыла Қилыбаева «Қазақстан жастарының саясатқа атсалысуы», магистрант Сырым Итқұлов «Әлемдік саяси аренаның өзгеруіне Украинадағы жағдайдың әсері» жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар, дөңгелек үстелде ғылыми зерттеулердегі «академиялылық» мәселелер; академиялық зерттеулердегі ЖОО-ның рөлі мен орны; Орта Азиядағы «ғылыми бірегейліктің» қалыптасуы; Орта Азиядағы «ғылыми мектептердің»  қажеттілігі мәселелері талқыланды.

 

Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасы