«Студенттер құрылыс жасағы жазғы еңбек шымылдығын ашады»

12 шілде, 2017

ҚазҰУ қалашығында атқарылып жатқан тазалық және құрылыс жұмыстары аз емес. Солардың бел ортасында жүрген «Студенттердің құрылыс жасағы» штабы қызметкерлерге көрсеткен айтарлықтай көмегімен көзге түсіп жүр. Студенттер тек жұмыспен ғана шектеліп қалмай, қоғамдық шараларға да белсене қатысуда. СҚЖ (Студенттер құрылыс жасағы) тарихында алғаш рет өткізіліп отырған «Студенттер құрылыс жасағы жазғы еңбек шымылдығын ашады» атты салтанатты кеші сөзімізге дәлел.

Биыл жасақтың қатарына 100 студент жұмысқа қабылданды. Маусым айынан бастап бірге еңбек етіп, етене араласып үлгерген студенттер ұйымшылдықпен көзге түсіп, бар өнерлерін ортаға салды. Салтанатты шараға өткен жылдардағы жасақ мүшелері де атсалысты. Кеш шымылдығы флеш-моб биімен ашылып, әсем ән шырқалып, жас ақындардың құрылыс жасағына деген жүректен шыққан жыр шумақтары оқылды. Кеш барысында көңілді тапқырлар клубының қалжыңға толы қойылымдары көпшіліктің көңілін көтеріп, би кеші шараның көркін кіргізді.

Кештің өтуіне ұйытқы болған штаб басшысы Нұрболат Көлбаев құттықтау сөз сөйлеп, студенттердің өзара ұйымшылдығы мен еңбекке деген құлшынысын арттыруда аталмыш шараның рөлі айтарлықтай екендігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жасақтың жеткен жаңа әрі жоғары жетістігі болып табылады. Студенттерді қоғамдық өмірге белсене араласуға шақырған Н.Көлбаев адал еңбек етудің маңыздылығын тілге тиек етті.

Алдағы уақытта Студенттер құрылыс жасағы футбол, волейбол ойындарының жарыстары сынды қоғамдық шаралардың бірқатарын өткізеді.

Өз ретінде Студенттердің құрылыс жасағы – жастарды салауатты өмірге, адал еңбекке, ауызбіршілікке тәрбиелеп, жазғы демалысты тиімді өткізуге мүмкіндік беретін, ең бастысы, естен кетпес естеліктер сыйлайтын бірден-бір ұйым.  Атап өту керек, СҚЖ ҚазҰУ-да алғаш рет өз жұмысын 1963 жылы бастаған. Содан бері жыл өте жасақтың университет, қала көлемінде маңызы артып, студент-жұмысшыларға жасалатын жағдай біршама жақсаруда.

 

Студенттер құрылыс жасағы