Ғылыми білім беру орталығы ашылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтанов Катар мемлекетінің Доха қаласына жұмыс сапарымен барып, білім министрі Мұхаммед әл-Хаммадимен жүздесті.
Кездесу барысында ҚазҰУ мен Катардың жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік мәселелері талқыланды. Катар университетінің президенті Хасан Дерхаммен кездесу барысында екі жақ жақын арада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде Қазақстан-Катар ғылыми білім беру орталығын ашу жөнінен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға уағдаласты. Ғалым Мұтанов халықаралық танымал «Qatar Foundation» қорының құрамына кіретін Шейх Хамад бен Халиф атындағы университет пен «Carnegie Mellon» университетінде болды. Хамад бен Халиф атындағы университет президенті Ахмад Хасна исламдық қаржыландыру мен аударма ісі салаларында ҚазҰУ-мен бірлесе отырып, білікті маман даярлау туралы айтса, Катар университетінің президенті Хасан Дерхам университетпен бірлескен ғылыми-инновациялық ортақ жобалар әзірлеп, Катар қорының қаржыландыруына ұсыну мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екендігін мәлімдеді. Кездесуде ислам өркениетін, араб тілі мен әдебиетін, мәдениетін, тарихын ғылыми тұрғыда зерттеу, исламдық білім беру саласында білікті мамандар дайындау және жаңа ғылыми инновациялық бағыттарда ортақ жобалар әзірлеу, Катар университеттерінің профессорларын ҚазҰУ-ге шақыру мәселелері де сөз болды. ҚазҰУ-ге бұған дейін әріптестік орнату мақсатында Орталық банк төрағасы Абдалла бен Сауда Әл-Тани басқарған Катар мемлекетінің делегациясы іссапармен келген еді. Ол ҚазҰУ-дің жетістіктері мен даму қарқынын, білім беру және ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Кездесу барысында исламдық банкинг пен қаржыландыруды дамытудағы әріптестік мәселесіне назар аударылған болатын.