Халықаралық Жазғы мектеп қарсаңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Гонконг политехникалық университеті Президенті Тимоти Тонг бастаған делегация келді. Қонақтар оқу ордасының тарихымен, ғылыми білім беру және инновациялық қызметімен қоса халықаралық ынтымақтастықтың басым бағыттарымен танысты.
Кездесу барысында халықаралық ғылыми бағдарламалар шеңберінде және университетаралық деңгейде Қытай Халық Республикасының оқу орындарымен әріптестікті арттыру жайына баса назар аударылды.
ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев атап өткендей, Қазақстан мен Қытайдың әріптес оқу орындары жоғары білім беру мен академиялық ұтқырлық үдерісінде бірлесіп жұмыс істеп келеді. Қазақстан мен ҚХР Мемлекет басшылары негізін қалаған айтулы жемісті ынтымақтастық нәтижесінде, ҚХР-дың 200-ден аса студенттері жоғары білім алуда ҚазҰУ-ды таңдайтын болды, ал мыңдаған қазақстандық студенттер Қытай университеттерінде оқу оқып жатыр.
Атап өту керек, Мемлекет басшысының идеясын жүзеге асыра отырып ҚазҰУ Жаңа Жібек жолы Университеттер Альянсінің халықаралық ІТ-технопаркін құру туралы бастама көтерді. Жаңа Жібек жолы Университеттер Альянсі 2015 жылы құрылды және ректорлар мен президентер кеңесінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Альянстің атқарушы комитетінің вице-преизденті болып тағайындалды. Сиань декларациясының қабылдауымен Жаңа Жібек Жолы университеттер Альянсі бүгінде қызметі білім беру, мәдениеттер мен халықтар диалогын дамыту саласындағы ынтымақтастық үшін жалпы платформасын құруға бағытталған әлемнің 31 елінің 128 оқу орнының басын біріктіреді.
Бүгінде суперкомпьютер және бұлттық есептеу Орталығының базасында білім, ғылым мен техника саласындағы ынтымақтастық алаңы болатын университеттер Альянсінің халықаралық IT-технопаркін қалыптастыру бойынша техникалық жағдай жасалған. Сондай-ақ ИИДМБ бағдарламасы бойынша Қазақстанда суперкомпьютерден негіз тапқан инновациялық шеберханалар мен IT-технопаркі бар бірегей инновациялық кластер құрылуда.
Келіссөздер барысында Гонконг делегациясы ҚазҰУ қызметіне жоғары баға беріп, ғылыми-зерттеу, студенттер мен оқытушылар алмасу бағытында ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін жеткізді.
Баспасөз қызметі