Елімізде 1969 жылы құрылған студенттердің құрылыс жасағы ҚазҰУ-да өз жұмысын 1963 жылы бастаған. Қазіргі таңда штабқа Нұрболат Көлбаев басшылық етуде. Студенттік құрылыс жасағының негізгі мақсаты жазғы демалыс уақытында ҚазҰУ қалашығын жөндеу, тазалық, қалашықты көркейту, абаттандыру жұмыстары болса, СҚЖ сарбаздары бұл мақсаттың үдесінен шығып жүр. Олар қызметкерлермен қатар университет корпустары мен жатахқаналардағы жөндеу жұмыстарында тынымсыз еңбек етіп, ашық алаңды тастардан тазарту, газон егу ісіне жұмыла кіріскен. Сондай-ақ жақында ашылған «Жасыл технологиялар» аймағының ашылу барысында СҚЖ-лықтар етене атсалысты.
Осы жылы жұмысқа қабылдануға 300-ден астам студент арнайы өтініш білдіріп, нәтижесінде оқуда үздік, әлеуметтік жағдайы төмен және қоғамдық шараларға белсенді қатысқан 100 бала (60-ұл, 40-қыз) іріктеліп алынған. Бүгінде ҚазҰУ-дың Студенттер құрылыс жасағы «Жасыл ел» бірлестігімен жəне өзге оқу орындарының құрылыс жасақтарымен тығыз байланыста. «Жасыл елдегі» еңбекті есепке алар болсақ, СҚЖ студентінің айлық жалақысы 68 мың теңгені құраса керек. Онымен қоса, студенттік құрылыс жасағының мүшелері таңғы жəне түскі аспен, арнайы киім формасымен, тегін жатақханамен қамтамасыз етіледі. Атап өту керек, жасақтағы студенттер келесі оқу жылында жатақхана кезексіз берілетіндердің бірі.
Штаб басшысы Н.Көлбаев жұмыстан тыс уақытта түрлі қоғамдық шаралар, би кештері мен спорт сайыстарын ұйымдастырып отырады. Бұл өз кезегінде студенттердің жазғы демалысын тек жұмыс істеп ғана қоймай қызықты, əрі ұмытылмас сəттерге толы етіп өткізуге зор мүмкіндік. Ай сайын студенттерге театрға, киноға жиі тегін билеттер үлестіріп береді. Студенттік құрылыс жасағының қызығы мұнымен бітпейді. Еңбек маусымының соңында адал еңбек атқарып, белсенділігімен танылған студенттерді Ыстықкөлге 3 күндік жолдамамен жіберу жоспарда бар.
Баспасөз қызметі