Қала әкімі ҚазҰУ-дың жағдаяттық басқару орталығы жұмысымен танысты
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бастаған бір топ қоғам қайраткерлері ҚазҰУ-дың Жағдаяттық басқару орталығы жұмысымен танысты.
Олар Жағдаяттық басқару орталығының қызметін ҚазҰУ қалашығының картасы бейнеленген сенсорлы «Интерактивті бағдарламалық-ақпараттық кешен» үстелінен тамашалады. Шара барысында алғашқы болып сөз алған орталық директоры Ерназар Ишанов жалпы негізгі жүйе жайын баяндап, қалашықтағы жағдайды уақтылы реттеп отыратын орталық қызметіне кеңінен тоқталды. «Орталық оқу әкімшілік-басқару мен шаруашылық қызметін, ғылыми-зерттеу, әлеуметтік, оқу процесінің интегралдық басқармасын қамтиды. Бүгінде ол ақпараттық-сараптамалық процестер мен процедураларды қолдауды қамтамасыз етіп, болжамдауға мүмкіндік беруде», – деді Е.Ишанов.
Сонымен қатар, орталық мониторинг жасайтын заманауи коммуникациялық құрылғыларымен жабдықталған, интерактивтік ақпаратты жинап, жасалып жатқан жұмысты күнделікті қадағалап отырады.
Университеттің баспасөз қызметі хабарлағандай, Ақпараттық технологиялар және инновациялық даму институтының директоры Жаңыл Мамықова Жағдаяттық басқару орталығының ақпараттық платформасына бағдар беріп, «Scіense», «Unіver», бейнебақылау, жұмыс уақытының есебі, «1С» бағдарламасының электрондық жүйелерінің желілерімен таныстырып өтті. Ж.Мамықова сөйлеген сөзінде студент жайлы толық ақпарат алып, оқу үлгерімі мен сабаққа қатысу барысын анықтауды көрсетті. Оның баяндауынша, студентке қатысты барлық дерек пен мағлұматтар Жағдаяттық басқару орталығындағы цифрлы технология бойынша жасалған жүйеде сақталады. Кез-келген ата-ана баласының оқу үлгерімі жайында білгісі келсе, Жағдаяттық басқару орталығынан ақпарат алуға мүмкіндігі бар.