Жазғы мектепке қатысушылар БҰҰ өкілдерімен кездесті

22 шілде, 2017

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қолдауымен Алматыдағы БҰҰ кеңсесінде халықаралық жазғы мектеп қатысушыларына арналған «БҰҰ Моделі – Жаңа Жібек Жолы» бағдарламасы бойынша семинар болып өтті.

Шараға БҰҰ-ның тұрақты өкілі, Чехия дипломаты, саясаттанушы, экономист Властимил Самек, «БҰҰ Моделі – Жаңа Жібек Жолы» бағдарламасының атқарушы директоры және ҚазҰУ-дың шақырылған профессоры Рафис Абазов, БҰҰ-ның өкілдері және жазғы мектепке қатысушы студент-жастар белсене қатысты. Шара барысында сөз алған БҰҰ-ның тұрақты өкілі Властимил Самек бүгінде жастар қоғамды, экономиканы дамытушы, қозғаушы күш екендігін атап өтті. Жастармен кез-келген мемлекеттің болашағы тікелей байланысты сондықтан да, Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемнің әрбір елінде кез-келген қауіпті өзгерістің алдын алуға мүмкіндігі бар жастардың болғандығына қуанамыз дей келе, жастарды әлемдік теңдік пен әділдікті орнатуға шақырды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы бірегей халықаралық ұйым. Ол екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, елдер арасында достық қатынасты дамыту және әлеуметтік прогреске қолдау көрсету, өмір жағдайын және адам құқықтары саласындағы жағдайды жақсарту бағытын жақтаушы 51 елдің өкілдерінен құрылған болатын. 1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының толық құқықты мүшесі болып тағайындалды. Бүгінгі күні 193 мемлекет БҰҰ мүшесі болып табылады.

Ұлы Жібек Жолы аймағындағы мемлекеттер арасында қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған шара барысында студенттер «БҰҰ Моделі» жайлы толық мағлұмат алып, әр топқа бөлініп демография, адам құқықтарын қорғау, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, лаңкестік сынды әртүрлі жаһандық мәселелерді талқыға салып, саралап, шешімін табуға талпынды.  Шара соңында үздік шыққан топ анықталып, БҰҰ-ның кәде-сыйларымен марапатталды.

 

Баспасөз қызметі