2010-2014 жылға арналған Бағдарлама

4 қыркүйек, 2010

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Алматы қаласының жоғары оқу орындарының ректорлары, ҒЗИ директорлары, ғылыми орталықтар мен мекеме жетекшілерінің қатысуымен 2010-2014 жылғы ғылым, инновация және технологиялық модернизацияны дамыту бағдарламасы талқыланған болатын.

ҚазҰУ-дың ректоры академик Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен жиында мемлекеттің ғылым саласын дамыту жолдары қарастырылған болатын. Ірі ғалымдар мен ұйымдастырушылар аталмыш бағдарлама аясында қазақ ғылымы мен технологиясын өркендетуде жаңа амалдардың табылатындығына сенім артатындығын айтты.

Ғылыми қоғамдастықтардың өкілдері қазақстанның инновациялық жобаларын көбейтіп, олардың технологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдардың қабылдануын алға тартты. Сондай-ақ ғалымдардың пайымдауынша, бағдарламаны экономикалық қажеттілікке қарай жүзеге асыру керек. Қазақстан өз өнімін шығаруға барлық мүмкіндіктері бар. Мәселен, емдік өсімдіктерді, химиялық қоспалар мен қара металлдан жасалатын аз тонажды бұйымдарды қолға алу қажет дейді олар.

Бір өкініштісі, кейбір ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтардың жетекшілері бізде әлі күнге дейін ғылым саланың негізгі басымдылықтары анықталмағандықтан салаландырылған жобалық институттарды ашуда қиындықтар туындап отырғандығын айтады. Егер бұл мүмкіндікке қол жеткізген болсақ, өнеркәсіптер мен бизнес орындарының көңілін аударар едік. Бүгінде мемлекеттің ғылым саласын дамытуда бөлінген қаржы 0,1 пайызға да жете алмай отыр.

Сондықтан ең алдымен жоғары оқу орындарының ғылым саласын жетілдіріп, жаңартуға ерекше көңіл бөлгендігін көптеп айтады. Ғылым саласындағы білікті мамандардың орнын басатын жас кадрлерді тәрбиелеп шығару мақсатында оқу ордаларының жанынан ҒЗИ ашу керектігін алға қойды.

Академиялық қоғамдастық бағдарламаны талқылауда атсалысқандығы үшін индустрия және жаңа технология министрлігіне алғыс білдірді. Тұрақты қаржысыз мемлекеттің ғылым саласында «революция» жасау қиынға түседі дейді ғалымдар.

Стратегиялық ұстаным негізінде инновациялық қызметте кәсіби білікті кадрлерді дайындау мәселесі өзекті болып отыр.

- Бүгін бізге әбден пісіп-жетілген құжатты ұсынып отыр. Жағдай өзгерді, сондықтан біз бірігіп осы бағдарламаны дамытуда бар күшті жұмылдыруымыз керек. Ғылыми саланың көшбасшылары мен ғылыми ұжымдар алға қарай ұмтылып, Қазақстанда ғылымның бар екендігін дәлелдеуі тиіс, - деді өз сөзінде академик Б. Жұмағұлов.

Ғалымдардың ұсыныстары жалпыланып, ҚР Индустрия және жаңа технология министрлігіне жіберіледі.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі