«Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАқпарат)» Ұлттық компаниясы
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы және ТМД Желілік университетін құрайтын ЖОО басшыларының екінші мәжілісі болып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетсек, бірінші мәжіліс биылғы жылдың шілде айының аяғында Астанада өтті. Басқосуда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстандағы ШЫҰ және ТМД Желілік университетін құрайтын ЖОО басшыларының есебі берілді. 2010 жылы ілкі жобаларды іске асыру, ШЫҰ және ТМД-ның Желілік университетінде оқу гранттарын бөлу мәселелері талқыланған болатын.
Бұл жиында биылғы жылғы ШЫҰ және ТМД Желілік университетінің квотасы негізінде оқуға түсетін талапкерлер іріктеліп, оқу бағдарламалары мен Қазақстандағы ШЫҰ-ның өзекті мәселелері талқылануда. Сондай-ақ, Желілік университетінің оқу бағдарламалары, Қазақстандағы ШЫҰУ Ректорлар кеңесінің жобасы, 2011 жылдың бірінші жарты жылдығында Астанада ШЫҰУ-на мүше-елдер ректорларының екінші форумын өткізудің іс-шаралары қаралуда.
"Excellence PolyTech" ЖОО-нан кейінгі Халықаралық институтының Бас директоры Сәуле Айдарованың айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы университетін (ШЫҰУ) құру Астанада 2008 жылы қазан айының 24-де өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерінің білім Министрлерінің бекіткен тұжырымдамасы аясында Келісімшарт негізінде жүргізіліп жатыр. "Қазір осы ШЫҰ университеттерінің нормативті-құқықтық құжаттарын дайындаудамыз. Оның ішінде серіктес-университеттермен Ынтымақтастық туралы меморандум, Магистрлерді бірге даярлау оқу бағдарламалары, ШЫҰ университетін бітіргенде берілетін құжаттар -диплом, сертификат мәселелері шешіліп жатыр. Осы оқу жылында ҚазҰТУ-да ШЫҰ университетіне магистранттар қабылдауды ілкі-тәжірибелікжоба ретінде бастаймыз", деді ол.
Оның айтуынша, ШЫҰ университетінің арқасында 6 елден 50-ден астам университет магистранттарына барып оқуға және диссертацияларын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасауға мүмкіндік ашылған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті бірнеше келісімшарттар жасаған. "Мәскеу мемлекеттік университетімен, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтымен, Бейжің университетімен, Урал мемлекеттік университетімен, Қырғыз мемлекеттік университетімен келісімшартқа отырдық. Біздің магистранттар, сол елдерде оқып, халықаралық сертификатын ала отырып, өз оқу орнының дипломына да ие болады", деді ҚазҰУ өкілі.