ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Мухаммад әл-Жиндимен кездесті.
Аталмыш кездесуде қос университет арасындағы ынтымастық қарым-қатынасты қандай бағыттарда дамыту керектігі туралы талқыланды. ҚазҰУ ректоры Мухаммад әл-Жинди мырзаға өз алғысын білдіре отырып университеттің жетістіктерімен таныстырып, әлеуметтік және де «Аl-Farabi university smart city» жобаларының маңыздылығын атап өтті. «Соңғы жылдары біз университетімзде дінтану және исламтану мамандықтары оқытылып жатыр. Біз білім мен ғылымды ұштастыра отырып студенттерге адамгершілік қасиеттердің де маңыздылығын үнемі түсіндіріп отырамыз. Осы орайда шығыстың ұлы философы әл-Фарабидің ізгілікті қоғам туралы идеяларына негізделген университет 4.0 атты жоғары оқу орындарын дамытудың жаңа үлгісін құрғанымызды ерекше атап өткім келеді. Модель төрт құрамдас бөлікті біріктіреді, тап айтар болсақ білім беру, зерттеу, инновациялық-кәсіпкерлік және рухани-адамгершілік. Жаңа буын университетінің миссиясы, жастарды рухани және адамгершілік қасиеттері жоғары және белсенді азаматтық ұстанымы бар, әлемнің ізгілікті азаматтары ретінде қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар соңғы жылдары дамыған және дамушы елдер исламдық қаржыландыру жүйесін енгізуге белсене кірісуде. Сондықтан да ислам банкингі мен ислам қаржыландыру саласы бойынша магистрлерді дайындауды да қолға алып жатырмыз»,- деді Ғалым Мұтанов.
Өз кезегінде Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Мухаммад әл-Жинди университет басшылығына өз алғысын білдірді. Сондай-ақ Мухаммад әл-Жинди ҚазҰУ бүгін де ғылым жығынан ғана емес сонымен қатар медицина және мәдениет саласын да дамытып келе жатқандығын айтты. Және де университет заманауаи даму қатарында көш бастап келе жатқандығын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар кездесу барысында тараптар білім мен ғылым саласы бойынша серіктестікті дамыту мақсатында меморандумға қол қойды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткен кездесуде Мухаммад әл-Жинди барша қазақ халқын аталмыш мейраммен құттықтап, Қазақстанның қарыштап дамуына әрқашан да тілектес екенін білдірді.
Баспасөз қызметі