Назарда Елбасы жолдауы

5 қазан, 2010

5 қазанда Алматы қаласындағы ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілдігінің басшысы Оспанов Бақыт Сағындықұлы және Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Ағыбаев Саят Болатұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы келіп, университеттегі халықаралық қатынастар факультетінде оқып жатқан студенттермен кездесті. Бұл кездесудің мақсаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауын талқылауды негізге алған.

Өз баяндамасында Бақыт Сағындықұлы аталмыш құжат негізінде жүзеге асқан тапсырмалар мен іс-шараларға тоқталып өтті. “Ел тарихының ХХІ ғасырдағы аса бір күрделі кезеңі аяқталып келеді. Дүние жүзінің экономикасын тұралатқан жаһандық дағдарыс дауылы әлі басыла қойған жоқ. Алайда ол өзінің алғашқы алапат қуатынан айырылды. Біз тастүйін дайын болғандықтан, оныңсалдары біздің еліміз үшін соншалықты ауырға соққан жоқ” деп баяндамасын бастаған Алматы қаласындағы ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілдігінің басшысы биылғы жолдаудың ерекшелігі – еліміздің алдағы он жылдығының даму стратегиясын айқындап беруінде дейді. “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеуҚазақстанның жаңа мүмкіндіктері” тақырыбын арқау еткен бұл жолғы жолдау сонымен қатар экономикалық өрлеуге бастау болғандығын тілге тиек етті. “Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі әлемнің біздің елге деген сенімнің жемісі десек болады. Біз 1997 жылы «Қазақстан-2030» Стратегиясын қабылдап, елдің ұзақ мерзімді күн тәртібін, басты мақсаттар мен басымдықтарын қалыптастырдық, кейін олар 2010 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарда қисынды түрде дамытылды. Сөйтіп біз қалай жоспарласақ, солай өмір сүрдік және мынадай нәтижелерге қол жеткіздік. 2000 жылмен салыстырғанда 2008 жылы-ақ, жоспарланғанынан екі жыл бұрын, біз республика ІЖӨ-сінің көлемін екі еселедік және мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін тиімді орындадық.Орташа айлық жалақы 5 есеге, ал зейнетақының орташа мөлшері 3 есеге өсті” деп пікір білдірді Бақыт Сағындықұлы.

Өз кезегінде министрліктен келген маманға қазұулық студенттер көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, пікірлерімен бөлісті “Астана қаласында өткізуді жоспарлап отырған ЕҚЫҰ саммитіне жастар қатыса алады ма?” деген сұраққа Бақыт Оспанов қолдау болатындығын айтса, елшілік қызметі жайлы туындаған сауалға:

- “Елші – мәдениетті, тәрбиелі және өте білікті маман болуы керек. Сонымен бірге өз ана тілін құрметтеп, әр ұлттың тілін меңгеру керек. Елшілік – мемлекет айнасы, мемлекеттің түйінді жері” деген ойды алға тартты.

Халықаралық қатынастар саласының болашақ мамандары өздерін қызықтыратын өзекті мәселелерге жауап алып, жолдауды тағы бір кезек талқылап, ел экономикасының өркендеуіне азаматтық әлеуетін танытып қайтты.

Кездесу соңында ҚазҰУ-дың Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Жаманбалаева Шолпан Ерболқызы Алматы қаласындағы ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілдігінің басшысы Оспанов Бақыт Сағындықұлына ҚазҰУ-дың естелік кітабын табыс етті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі