«Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газет

12 қазан, 2010

Жақында ғана ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ өкілдері Қазақстанда білім алуға келген ауғанстандық студенттердің бірінші тобын қарсы алған болаты.

Естеріңізге сала кетсек, 2009 жылдың қараша айында 5 жыл ішінде бір мың ауған азаматын қазақстандық жоғары оқу орындарында мамандандаруға орай екі жақты үкіметаралық меморандумға қол қойылған еді.

Қазақстанға білім іздеп келген 158 ауған студентінің 77-сі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алатын болды. Олар барлық жағдайы жасалынған, шетелдік азаматтарға арналған жатақханаға орналастырылды. Оларға мемлекеттік грант және шәкіртақы тағайындалды.

ҚазҰУ-ға табан тіреген ауғандық студенттерді ҚазҰУ-лің тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева, Халықаралық ынтымақтастық департаментіндегі халықаралық әріптестік бөлімінің басшысы Қайрат Жүніс және шетелдік азаматтарға арналған дайындық факультетінің деканы Жазира Молдағалиева қарсы алды.

Шетелік студенттермен қатар, ҚазҰУ-ға Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Ағыбай Смағұлов та келді.

-Студенттердің 23-і – инженерлік-иехникалық, 9-ы – гуманитарлық педагогика, 15-і – құқықтық тәртіп, 10-ы – шекара жағдайларын күзету мамандықтары бойынша білім алатын болады. Оқу барысы негізінен қазақ және орыс тілінде жүргізіледі», - дейді Жазира Молдағалиева.

Қазақ жеріндегі шырайлы қарсы алуға шетелдік студенттер де аса ризашылық танытып, дайындық факультетінен соң да оқуларын әрі қарай жалғастыратындықтарын, өздерінің Қазақстанға жүрек қалауларымен келгендігін ағынан жарыла, жарыса баяндап жатса, Закир Хусейн атты студент өзін Ауғанстанда іріктеу барысында 361 студенттің арасынан озып шыққан 158 студенттің бірі екеніне қуанады. Әскери училищеде оқыған жігіттің ендігі арманы – Алматыдағы әскери академияда білім алу.

Рая Ескендір