Абайдың 175 жылдығына дайындық
Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.
Отырысты ашқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыттарын атап, бұл орайда, мерейтойлық іс-шаралар Абайдың рухани мұрасын сақтауға, зерделеуге және насихаттауға бағытталуы тиіс, – деп атады.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Аймағамбетов, Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы сөз сөйледі.
Қатысушылар Абай шығармалары ағылшын, араб, испан, қытай, орыс, француз, неміс, түрік, жапон және италиян тілдерінде ғана аударылып, басылып қоймай, түркі тілдес халықтар тілдерінде де аударып, шығаруды жоспарлап отыр. Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы және қазақ әдебиеті мен мәдениетінде рөлі жайлы деректі фильмдер түсіріледі.
Маңызды шаралардың бірі ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде Қазақстанның үздік шығармашылық ұжымдарының Гала-концерті және танымал абайтанушы ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу.
Абай шығармаларын насихаттауда білім жүйесі белсенді түрде қатысады. Абай шығармашылығын үздік білуге арналған оқушылар арасындағы жалпыреспубликалық олимпиаданың жеңімпаздары мен лауреаттарына Гумилев атындағы ЕҰУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу үшін 50 білім гранты тағайындалатын болады. Олар елордада өтетін «Абай Балы» салтанатына қатысады. Сонымен бірге республиканың барлық оқушыларына арналып Абай ізімен – «Абай жеріне саяхат» және т.б. экскурсиялық турлар жоспарлануда. Еліміздің барлық білім ордаларында Абай шығармаларын үздік білу мен оның шығармаларын орындау бойынша әртүрлі форматтағы «Абай оқулары» жоспарланған.
Мерейтой аясында «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені мен Абайдың музей үйін, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын реставрациялау жоспарланған.
2019 жылдың 1 қазанына дейін барлық ұсыныстар Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның қарауына жіберіліп, жалпыреспубликалық жоспар жобасына енгізілуі керек.