"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси газет
«Айқап» ойларыңда бар ма?
08.12.10.
Кезінде «Қазақ» газетінде «Бейімбет» деп қол қойған автор (Бейімбет Майлин - Қ. А.) «Айқап» ойларыңда бар ма?» деген мақала жариялаған еді. Қаламының желі бар келешек қазақ әдебиетінің классигі өз мақаласында ХХ ғасыр басындағы қазақ жазушыларының «Қазақ» газеті шыққалы «Айқапты» ұмыта бастағандары туралы айта келе: «Қазаққа» сөз жазушы мырзалар-ау, «Айқап» қаламдарыңызды тістей ме?!
«Қазақ» көзіміздің қарасы болғанда, «Айқап» ағы емес пе еді» деп, замандастарын «Айқапқа» да сөз жазып тұруға шақырған еді. (// Қазақ, - Алматы: 1998. 213 б.). Енді міне, біз де «Айқап» ойларыңда бар ма?» деп жазып отырмыз. Өйткені келер жылдың басында «Айқаптың», яғни қазақтың тұңғыш журналының шыға бастағанына 100 жыл толмақ. Бірақ біздің байқауымызша, оны ойлап жүрген ешкім жоқ сияқты.
Ал «Айқап» оқырмандары болса өз ұрпақтарының журналдың 50 жылдық, 100 жылдық мерейтойларын жасайды деп сенген еді. Мысалы, 1915 жылы журналдың соңғы сандарының бірінде мұғәлім Файсалрахман Жиһандаров: «Бұл «Айқап» қазірде кішкене болса да келер заманда қазақ тарихында бәлки ең бас жолға жазылар. Бәлки қазақ халқы келешекте «Айқаптың» елу жылдық һәм жүз жылдық юбилей тойын да жасар. Сол тойдың арқасында әлдеқандай пайдалы істер де қылар. Сол уақытта ықтимал Сералин есімі де халық тілінде артық құрметпен жат етілер» деп жазған болатын. (// Айқап, - Алматы: 1995. 262 б.)
Ђкінішке қарай, «Айқаптың» елу жылдық юбилей тойы» кеңестік кезеңге дөп келіп, аталмай қалып еді, енді міне, журналдың 100 жылдық тойы тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына сәйкес келіп отыр.
Ұлттық баспасөз күнін ұлттық баспасөз тарихынан шыға отырып тойлау қажеттігін біз бұрын да айтқан болатынбыз. Мысалы, 2007 жылдың 13 наурызында қазақтың тұңғыш демократиялық бағыттағы бейресми, ұлттық-саяси газеті - «Қазақ газетінің» («Қазақ» газетінің емес - Қ. А.), 28 наурызда «Серкенің» шыққанына 100 жыл толуына орай «Жас қазақ» газетінде «Ұлттық баспасөзге 100 жыл толмақ» деген мақала жариялаған едік. Онда біз 13 наурызды «Ұлттық баспасөз күні» деп жариялап, ұлт бостандығы жолында құрбан болған алғашқы ұлттық бейресми газеттеріміздің де, олардан кейін дүниеге келген басқа да мерзімді басылымдарымыздың да 100 жылдық мерейтойларын ұлттық деңгейде атап өтуді ұсынған едік. Бірақ оған құлақ асқан ешкім болған жоқ. «Қазақ газетінің» де, «Серкенің» де 100 жылдығы атаусыз қалды. Енді міне, 1911 жылдың қаңтарында бірінші саны жарық көрген «Айқаптың» да, сол жылдың 16 наурызынан шыға бастаған «Қазақстанның» да 100 жылдық мерейтойларының атаусыз қалу қаупі бар.
Егер шынымен, «Айқаптың» 100 жылдық мерейтойы атаусыз қалып, Мұхаметжан Сералиннің ерен еңбегін бүгінгі ұрпақ ескерусіз қалдырса, ол онда біздің ұлттығымызға үлкен сын болмақ. Сондықтан да «Айқапты» ұмытпайық.
Қамбар АТАБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор