Әл-Фараби кітапханасында Жібек жолы университеттері Альянсының Бас Ассамблеясының отырысы (SUN) және «Адами мұра және жоғары технологиялар үйлесімі негізінде жетілу» сессиясы бір уақытта өтті. Оның жұмысына әлемнің 19 елінен 50 университетінің жүзден астам делегаты қатысты.
Ассамблеяның Бас хатшысы Сандон Хван отырысты аша отырып, аталған кездесудің маңыздылығын атап өтті. Жақында ұйым құрамына Ауғанстан, Польша, Өзбекстан, Корея, Дубай және Иран университеттерінен тоғыз жаңа мүше қабылданды. Бүгінгі таңда SUN әлемнің 135-тен астам жоғары оқу орнын біріктіреді.
Кездесу аясында ұйымның қаржы-экономикалық қызметі туралы есеп және ағымдағы және болашақ іс-қимыл жоспарын іске асыру туралы ақпарат тыңдалды. Осылайша, ағымдағы жылдың қыркүйек және қараша айларында Имам Хомейни атындағы (Иран) халықаралық университетте халықаралық конференция мен симпозиум өткізу жоспарланып отыр. Келесі жылы "Жібек жолының түстері" фотоконкурсы, "Жібек жолы бойындағы базар, сауда" фильмдер фестивалін өткізу жоспарланған.
Осындай этно байқаулар осы жылы да жарияланды. Оған әлемнің 25 университеттерінен өтінім берілді. Жастар арасында өз таланттарымен сынға түсетін жалпы төрт мәдени іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ SUN университеттерінің студенттері халықаралық бос орындар жәрмеңкесіне, жастар симфониялық оркестрлері арасындағы байқауға, тілдік бағдарламалар және басқа да байқауларға қатыса алады. Сонымен қатар, ұйым "Вестник" журналының екі басылымын шығарды. Жібек жолы университеттері Альянсы (SUN) Бас Ассамблеясының кезекті отырысын Анкарада 2020 жылы өткізу жоспарланып отыр.